Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы Достық үйін аралап көрді

2016 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жаңа Достық үйіне қоныстанған болатын. Араға бір жыл салып, 2017 жылдың 18 қыркүйегінде Тараз шаһарының орталығынан орын тепкен сәулетті ғимаратты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі көріп, бағасын берді.  

Мұнда Президент өңірлік этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенді мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Елбасы қазіргі таңдағы ең өзекті тақырып «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына  тоқталды.

«Қоғамды рухани жаңғырту мәселесі ешқашан дәл қазіргідей өзекті болған емес. Ақпараттық-сандық ғасырда бір орында тұруға болмайды, заман талабына сай жаңашылдықтарды қабылдап, өз-өзімізді жетілдіріп, өзгерістерге дайын болуымыз керек. Жеке тұлға ғана емес, жалпы қоғам бәсекеге қабілетті болуы тиіс».

Сонымен қатар, Ұлт Көшбасшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігін атап өтіп, латын әліпбиіне көшуді де тілге тиек етті.

«Мен үнемі айтып жүремін, Қазақстанның дамуы елдегі бірлік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты. Осы орайда латын әліпбиіне көшу халқымыздың бірлігі мен татулығын арттыра түсетініне сенімім мол».

Осы сөздерден соң, Жамбыл облыстық Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева өз пікірін ортаға салды.

«Қазір сіздің Ассамблея сессиясында айтқан бір сөзіңіз есіме түсіп тұр: «Бәріміз бір тілде – қазақ тілінде сөйлесек, мен өзімді бақытты президент деп санар едім». Сол сөзіңіз менің жүрегіме ұялап, әрі қарай қазақ тілін меңгеруге қанаттандырған еді. Мен өзімнің отбасымда ғана емес, облыста қазақ тілін меңгеруге насихаттайтын жұмыс жүргізіп, сол үшін «Тіл жанашыры» төс белгісімен де марапатталдым. Ал қазір латын әліпбиіне көшуге де дайынмын».

Осыдан соң, Нұрсұлтан Әбішұлы ағымдағы жылы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағында табылған археологиялық ескерткіштерді тамашалап, «Алғыс ағашына» ізгі тілегін қалдырды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі