Есте қалған екі кездесу

    Кабиева Айгүл Кабиқызы –М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі, «Әулие-Ата» атындағы қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары

Есте қалған екі кездесу

     Мен өз басым Елбасымен он бір рет кездесіппін. Соның ішінде ең есімде қалған екі естелікпен бөлісетін болсам, ең алғаш рет 1996 жылы Тараз қалалық Ұлттық технологиялық институтының оқытушысы болып қызмет атқарып жүргенде Елбасы кезекті іс-сапарларының бірінде Тараз шаhарына келіп тоқтаған еді.

Сол жылы Жүсіп Баласағұн атындағы мәдениет сарайында әйелдер съезі өткен болатын. Институттан мені сол съезге делегат етіп жіберді.  Ғимараттың екінші қабатында біраз әйелдер тізіліп тұрған едік, баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Елбасы көзі от боп жанып, тесіле қарап, дәл маған беттеп келе жатқандай көрінді. «Маған ба, әлде басқа адамға қарап келе жатыр ма мына кісі, о тоба?! Мәссаған, маған келе жатыр ғой?!» деп ойлап үлгергенімше, бірден маған төніп келіп,  қолын беріп амандасты, мен қателеспеппін. «Қай жақтансыз?» деді көзіме тіке қарап, «Технологиялық институттан келдім» дедім сасқанымнан.  Сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы мені басқа облыстан келген делегаттардың бірі деп ойлаған болуы керек, әлде бір танысына ұқсатты ма, ойлы көзбен қарап, қолымнан біраз ұстап тұрып қалды.

Сөйтсем, Нұрсұлтан Әбішұлының қырағы көзі, алашқа тән жүрегі менің ұлттық нақышта оюланып тігілген камзолыма, кестеленіп тігілген жейдеме, түрлі тастармен көмкерілген  сырға-білезіктеріме түсіп, сүйсіне білгені екен.  «Шіркін-ай қазақтың барлық қыз-келіншектері де, ақ жаулықты әжелері де дәл осындай ұлттық үлгіде киініп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді,ә?! Қандай тамаша, қараңыздаршы!»,-деп, жан-жағымда қаздай тізіліп тұрған нәзік жанды әріптестеріме масаттана, шаттана қарады. Мақтауды кім жек көрсін, Тұңғыш Президентіміздің көзіне түскен мен, сол бақытыма күні бүгінге дейін шексіз ризамын, Жаратқанға сансыз шүкірімді айтып жүремін.

Ғимараттан шығып бара жатқанда, тағы да жанарымыз түйісіп қалды. Маған жымия, риза көңілмен қарап бара жатқан көзқарасы кешегідей көз алдымда.  Керемет адам ғой, шіркін, бірегей ер-азамат, жүзінен нұр шашқан?!

Екінші кездесуім 2005 жылы Қордай ауданына келген сапарында  Тараз қаласында маған Елбасыны гүлмен күтіп алып, одан шығарып салу бақыты бұйырды. Үлкен жауапкершілікті сезгенім соншалық – Елбасының алдында аяқ-қолым дірілдеп, жүрексінгенімді жасырмаймын. Ұлт көшбасшысы бұл жолы мені айна-қатесіз таныды.

Жалпы, Елбасымен кездескен әрбір жанның өмірінде бір өзгешелік болады. Менің ғұмырымда өшпес із қалдырған бұл екі кездесу де, бұдан өзге тоғыз кез де лидерлік қасиетімді оятып, артымнан ерген өнер қырандарыма, аяулы шәкірттеріме білікті де данагөй ұстаз болуыма толағай септігін тигізді. Бұған қоса, киім кию үлгімді өзгертуіме – гардеробымды күні бүгінге дейін ұлттық стильде  түрлендіріп отыруыма да мол әсерін берді.

Жаны «қазақ» деп соққан Қазақ елі көшбасшысының денсаулығы зор, күш-қуаты семімесін!

Халқымызды төрткүл дүниеге танытып, нұрлы болашаққа жетелеген Елбасына айтар алғысым шексіз!

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына тілек

Н.Ә.Назарбаевтың Елбасында өткен сынақ COVID-19 коронавирус инфекциясы оң нәтиже бергені туралы хабар менің жаныма қатты батты.  Короновирус індетіне шалдыққан ұлт көшбасшысы ғана емес, бүкіл Отанымыздың азаматтары шалдығуда.
Тәуелсіздік кезеңінде Елбасы денсаулық сақтау саласына басты назар аударып, республиканың барлық азаматтары үшін салауатты өмір салтын ұстану қажеттігіне тоқталды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына әрқашан ерекше ықыласпен және жылулықпен қарап, мемлекетіміздің өркендеуінің игілігін ойлады.    Сондықтан да болар,  Қазақстанның барлық  халқы Елбасының еңбегін қашан да жоғары бағалаған!  Өкінішке орай, адамдарға қамқорлық жасау, осы қиын уақытта ол өзі КОВИД-19-ға ұшырады. Бұл қиын кезеңдер бәріне дерлік әсер етуде.
Осындай қиын жағдайда денсаулықты қорғауға саналы түрде жалғастыру керек.  Біздің Елбасымыз бұл ауруды оңай жеңетініне сенімдімін, өйткені ол Тәуелсіздік  Қазақстанды құрғанда, біршама қиындықтарды халқымен бірге еңсерген мықты тұлға! Нұрсұлтан Әбішұлы күшті ерік-жігерінің арқасында бұл сынақтан да жеңіл өтеді деген берік ойдамын!
Тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қауіп төндіріп тұрған дерттен сақтану шараларын одан сайын күшейту әрбір азаматтың парызы болсын! Елбасымыздың денсаулығының қалпына келуін тілейміз!
Құрметті қазақстандықтар, қадірлі жамбылдықтар, баршаңызды –  жақындарыңызды, елімізді жұртымызды сақтау үшін, қатаң түрде карантин режимін  сақтауға шақырамын!

“Жамбыл облыстық “Вынхуа” дүнгендер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілі, Тараз қалалық №34-жалпы білім беретін орта мектептің директоры

Нұралиева Динара Хаттамовна

Аса Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Дүниені дүрбелеңге салған бұл дерттің сізді айналып  өтпегенін естіп  көңіліміз түсті. Жамбыл облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділері Елбасының денсаулығына қатты алаңдаушылық білдіреді.
Нар тұлғалы азаматтың әлемді жайлаған бұл дертті жеңеріне біз жастар кәміл сенеміз және жастарға артқан үміттеріңіздің ақталар күнінің куәгері болуыңызға тілекшіміз!
Қазіргі таңда Елбасының жағдайының бірқалыпты екенін естіп шын жүректен қуанып отырмыз. Тек Қазақстан емес, әлем елдері күш салып күресіп жатқанын ескерсек, індеттің емі міндетті түрде табылары анық.
Жарқын болашаққа деген сенімімізді жоғалтпай, тәуелсіз елдің тұғырын қалаған Елбасымен бірге бұл күндерді артта қалдырайық!
Біз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне күш-қуат, денсаулық және ұзақ жылдар қызмет етуін тілейміз! Жастардың сүйіспеншілігі мен мейірімі сізге күш пен батылдық береді, ауруды жеңуге көмектеседі деп шын жүректен үміттенеміз!

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қоғамның ұйымдасуына, халықаралық бірліктің нығаюына күш -жігеріңізді салдыңыз, Сіз басқарып келген еліңіз өркениетті, әлемге әйгілі, дүние жүзінде теңдесі жоқ, бұл Сіздің еңбегіңіз. Бүгінгі күні Сіздің сауығып кетуіңізді ақ жаулықты Жамбыл облысының ҚХА жанындағы Аналар Кеңесінің мүшелері атынан тілейміз!
Қиындықтарды жеңіп, жарқын жақсылықтарға толы өміріңіз ұзақ болсын! Көшбасшылық қасиетіңізбен қатар қарапайымдылығыңыз, мейірімділігіңіз біздер үшін үлгі тұтар, көздеген мақсаттарыңыз орындалсын! Ауырмаңыз, тез сауығып кетіңіз! Біз біргеміз!

Тілек білдіруші Жамбыл облысы
ҚХА жанындағы аналар Кеңесінің мүшелері

Аса құрметті Елбасы, Тұңғыш Президентіміз, қадірменді көшбасшымыз!

Жамбыл облысының ҚХА Ақсақалдар кеңесі және Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері  Сізге Жаратушыдан шапағат сұрап, Сіздің тез сауығып кетуіңізге ізгі тілектерін жолдап отыр.

Өзге этностарды бір  шаңырақтың астында талай жылдар бейбітшіліктің астында уыздай ұйытып ұстап келдіңіз, сізге деген құрметіміз, ризашылығымыз шексіз! Қазақстанымыздың өзге елдермен де одақ¬тастық пен стратегиялық қарым-қатынастарды нығайтып, өзара дұрыс мәмілеге келуі де, осы тұрғыда қауіпсіздік туралы шарттар жасасқаныңыз да халықаралық құ¬ры¬лымдар аясындағы өзара табысты шешімдеріңіздің жемісі!
Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында Қазақстан халқы өзге елдердің алдында еңсесі көтеріліп, алыс-жақынды шет елдердің   құрметіне бөленіп, халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болды. Сондай-ақ, тұшымды идеяларыңыз мемлекетіміздің әлеуметтік-эко¬но¬микалық дамуына, Еуразия құр¬лығындағы тұрақтылық пен қауіп¬сіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізіп, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Сіздің жасампаз және жан-жақты қызметіңіз Қазақстанды қуатты әрі тәуелсіз елге айналдырды, ал сындарлы да көреген саясатыңыз халық¬аралық деңгейде кең қолдауға ие болды.
Шын жүректен Сізге зор ден¬саулық, бақ-береке, сергектік, күш-қуат, амандық тілейміз!!

Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар
 және Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері

Белсенділік жолымның биігі деп білемін

Қадыралиев Айбек Амансейітұлы – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы,  Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі  

 2015 жылдың наурызы. Студенттік кезімнің соңғы жылдары. Ауылдан келген қара баланың талпынысы мен талабын одан ары қаланың тыныс-тіршілігі баурап алып, қоғам өмірінің дамуына қолдан келгенше жастар атынан үлесін қосып, есесіне сол бір белсенділік пен шығармашылықтың арқасында Тараз қалалық «Жастар орталығында» еріктілер ұйымының жетекшісі болып жүрген шақ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде  мерекелеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан еді. Облыс әкімдігіне жылдам келуге қоңырау түсті. Тіпті, қызметтік көлікте жіберіп қойыпты. Ойымда ештеңе жоқ, абыр-сабыр болып, бір шетінен қобалжу мен уайым басым. Үшінші қабатқа кіріп, 30 адамның 29 ы болып тіркелдім. Облысқа белгілі саяси тұлғалар, өнер, білім, ғылым және басқа да түрлі жетістіктерге жеткен тұлғаларды облыс әкімі К.Көкрекбаев қабылдап жатыр екен. Басты тақырып Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына Елбасымыз арнайы келіп қатысатын республикалық жастар форумы екен. Бар ынта мен күш-жігерді жиып, дайындалып отырдым. Кезегім келді. Мен Елбасымын, жастар атынан не айтасың деген сұрақ келді. Жастар алдында сөйлеп, жалын мен жаңаша бастамаларға бастау алып жүрген жастың бірі ретінде ойыма оралған оңды сөздерді жаудырып, азды-көпті өлең шумақтарымен жалғастырып жібердім. Облыс жастарының атынан сен сөйлейсің деген сөзді естіген сәттегі әсерді айтып жеткізу мүмкін емес. Дайындықтар, күндегі кездесулер, сөйлейтін сөздерді сараптау, барлығы мерекелік күн болатын уақытта дайын болды. Елбасымен кездесетін уақыт. Бойдағы тербеліс сәт. Қобалжу, қорқу, барлығында Елбасымыдың алдына шығып, амандасқанымнан ақ ұмытып, алдыға қарай сайрай түстім. 5000 адам жиналған Тараз Арена спорт кешенінің көрінісі тіптен бөлек. Елбасыма егемендік жолдағы ерен істері үшін, өз алғысымды шынайы білдіріп, ары қарай өркендеп өсу жолында өлеңіммен өрілген алғысымды білдірдім. Сөз аяғы келгенде шапалақпен шабыт берген көрермендерге қосылып, Елбасымыздың өзі де орнынан тұрып қошеметтеп тұрғаны да үлкен әсерге бөледі. Белсенділігімнің осы бір сәт ең үлкен жемісі, жеңісі , биігі деп білемін. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі болып жүріп, Астана қаласында өтетін «Жас Отан» жастар қанатының сьездеріне де бірнеше рет Елбасымыз қатысатын әр түрлі жиындардың да қатысушысы болдым. Elbasymen #birgemiz

 

Көк туымыз әлемдік аренада әлі талай биікке шығады

2012 жылдың 12 тамызы мен үшін ғана емес, Қазақстан үшін де ерекше күн болып есте қалды.  Лондон олимпиадасында  еркін күрестен қола медаль иегері атандым. Жарыс аяқталып, елге оралғанымызда, 2012 жылдың  тамыз айының 25 жұлдызында Елбасымыз олимпиада ойындарында орын алған спортшыларды қабылдады. Кездесу алдында «Елбасының алдында сөйлеуге жүрексінесін, қорқыныш болады»  деген пікірлерді естіген болатынмын. Керісінше, жылы лебізбен қарсы алған Елбасыға біз де алғысымызды айтып, толқыныстың барлығы сейіліп кетті.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық спортшыларды құшақ жая қарсы алып, жеңісімізбен шын жүректен құттықтады. Дүние жүзі бойынша Лондондағы олимпиадалық ойындардың медальдік есебінде 12-орынға көтерілгенімізге Тұңғыш Президентіміз ерекше қуанды десем қателеспеймін. Қазақстанның әр облысынан бір олимпиада жеңімпазы тәрбиеленіп шығатын болса, бұдан артық жеңістің жоқ екендігін айтқан Елбасымыздың сөзі әлі есімде.

Президенттің әрбір сөзінен елдің келешегінің кемелдігін көріп, күш-жігер ала білдім. Халқымызда «Жүзі жылыдан түңілме!» дегендей, Нұрсұлтан Әбішұлы өте жайдары жан. Сол кездесуде мен алғаш рет дұрыс жолда келе жатқаныма көзім жетті және болашағыма дұрыс бағдар ала білдім.

Елбасы өскелең ұрпаққа нағыз үлгі бола білген тұлға. Сындарлы саясаты бүгінде еліміздің барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.

Көк туымыздың әлемдік аренада әлі талай биікке шығарына кәміл сенімдімін!

Таңатаров Ақжүрек Достықұлы,

Грек-рим күресінен спорт шебері

 

«Бейбітшілік және келісім керуені» қайырымдылық акциясы

2020 жылдың 10 маусымында  Сарысу  және Талас аудандарында «Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық компаниясы аясында облыстық  ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынды облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ әдістемелік бөлімінің әдіскері Кенжебек Өмірбеков ашты. Қайырымдылық акциясы 4 бағыт бойынша өткізілді. Бірінші оқу аудиториясында  «Бейбітшілік  және келісім керуені» қайырымдылық акциясы аясында  аудандарда жергілікті атқарушы билік органдары қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимылы» тақырыбында, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің аймақтық кеңейтілген отырысы, «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие» тақырыбында сонымен қатар, облыстық  Қазақстан халқы ассамблеясы  Аналар кеңесінің  аймақтық кеңейтілген отырысы,  «Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық жағдай» тақырыбындағы ғылыми сараптама қолдау бөлімі фокус-топқа арналған ГАЙД және  «Еріктілер қызметінің жұмысы»тақырыбында жастармен кездесулер өткізілді .

«Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық жағдай» тақырыбындағы ғылыми сараптама қолдау бөлімі фокус-топқа арналған ГАЙДта ғылыми сараптама қолдау бөлімінің басшысы Альбина Тапаева жиналғандармен өңірдегі этносаралық ақуал, этноәлеуметтік жағдай және мемлекеттік этносаясат, өңірдегі этноконфессиялық жағдай тақырыптарында сауалнамалар жүргізіп, қорытындысында өңірдің этноэлеуметтік жағдайына ықпалы бар қандай факторлар назардан тыс қалғандығын, аталған жағдайларды жақсарту мақсатында қандай ұсыныс тілектері болатынын атап өтті.

ҚХА  «Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық компаниясы аясында облыстық  ҚХА аналар кеңесі отырыста аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің мамандарын тарта отырып, жергілікті этнос әйелдеріне қыз баланы оқыту, белгілі бір кәсіпке бейімдеу, халықтық қолөнер бұйымдарын жаңғырту арқылы кәсіпкерлікпен айналысу, мемлекеттік қайтарымсыз грант алу мәселелері  түсіндірілді. Қатысушылар  халықтың ұлттық қолөнерінің ұмытылып бара жатқанын айтып, күрді ұлтының нан пісіру, тоқыма өнерін жаңғыртуға қолдау көрсетуін өтінді.

«Еріктілер қызметінің жұмысы»тақырыбында жастармен кездесуде «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшісі Тұрдиева Хамида еріктілердің жыл басынан бері атқарған жұмыстарына жан жақты талдау жасап жастарды әрі қарай осы жұмысқа белсене қатысуға шақырды. Жиын соңында елді мекенде тұратын 12  тұрмысы төмен отбасына жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 320 мың тенгенің азық түлік себеттерінен қайырымдылық шарасы жасалды. Іс-шараға барлығы 60 жуық адам қатысты.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің тағлымы ұрпақ жадында мәңгі сақталады

Отырарлық ұлы ғалым, ойшыл, кемеңгер Әбу Насыр әл-Фарабидің  туғанына биыл 1150 жыл толды. Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист  ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, көптеген трактаттардың авторы. Өкінішке орай, оның мол мұрасы мен рухани туындылары көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина, Беруни, Бозжани, Омар Хайям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім»  деген екен.

Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Білімінің осыншама молдығына таң қалған бір кісі Әл-Фарабиден: «Сіз көп білесіз бе, әлде Аристотель көп біле ме?» – деп сұрағанда, данышпан: «Онымен замандас болған жағдайда мен оның ең мықты шәкірті болар едім», – деген екен.

Ғылым, білім іздеп, жер жерді аралаған ойшыл парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді меңгерген. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Осылайша, кейінгі ұрпаққа мол мәдени асыл мұра қалдырды.

Білім-ғылымды үйретумен қатар шығармалар жазды. Әл-Фарабидің тәрбиелік мәнге зор шығармалары бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық. Білім мен тәрбиені ұштастыра білген ғұлама ғалым «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін айтып кеткен. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайтыны бесенеден белгілі.

Кейінгі ұрпақ үшін ғұламаның білім-ілімі өшпес мұра болып қала бермек.

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығының тілшісі

Ажар Жұмағұл