Өзбек этномәдени бірлестігі НАУРЫЗ мейрамын атап өтті.

2018 жылдың 19-наурызында «Өзбек» этномәдени бірлестігі, Жамбыл облысы ҚХА және Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен, Жамбыл облысының құрметті азаматтары – Назира мен Тоқтасын Закировтардың шаңырағында Наурыз мейрамын атап өтті.

         ӨЭМБ Наурыз мейрамын тойлауға ЭМБ, Қоғамдық келісім КММ, Аналар, Ақсақалдар, Қоғамдық келісім, «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері және БАҚ шақырылды.

         Наурыз мейрамының дәстүрі бойынша  әр этнос өзінің Наурызға арналған дәстүрлі тағамдарын әзірлейді. Бүгін ӨЭМБ мүшелері өздерінің дәстүрлі тағамы – Сумалакты дайындап, Наурыз мейрамын атап өтті.

«Сумалак» – Наурыз кезінде өзбек, қырғыз, түрік, әзірбайжан, түркімен, ұйғыр этностарының Ұлыс­тың ұлы күні жасайтын дәстүрлі тағамдарының бірі.

«Сумалак» – бидай ұнынан жасалған тағам. Сумалак –  денсаулыққа өте пайдалы тағам. Өйткені жаңа өскен бидай дәрумендерге өте бай. Қыстан адамдар ауырып, әлсіз болып шығады. Ал бұл тағам адам ден­саулығына күш-қуат береді. Сонымен қа­тар бала көтере алмай жүрген әйелдерге де пайдасы мол.

Сумалакты әзірлеу – он күнге созылатын күрделі іс. Ол 24 сағат қайнатылып, қоюлана бастағанда оның қызғылт түсі қоңыр түске айналады. Оны тұрақты түрде араластырып тұру керек. Ең бірінші жасы үлкен әжелер араластырып, бата береді. Содан кейін кім араластырса да, жақсы тілектерін айта араластырады. Сумалак дайындалып жатқанда үйге туған-туыс, көршілер қонаққа келеді. Келген әрбір қонақ құр келмей, өзімен бірге бір тамақ немесе басқалай заттар ала келеді. Дайын болған соң қазаннан барша халыққа сумалак таратылады.

Сонымен қатар, ӨЭМБ мүшелері өздерінің салт-дәстүрлерін айтып, «Келин салом» және «Бешик туйи» деген салт-дәстүрлерін көрсетті.     

«Келин салом» – «Сәлем салу» өзбектердің ертеден келе жатқан салттарының бірі. Сәлем салу ең алдымен қарапайым амандасу екенін түсіну керек.  Иіліп сәлем беру өзіңнен үлкен, жарыңнан үлкен кісіге деген сый-құрмет екенін естен шығармау керек.

Сәлем салу — келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен аманы. Келін ата-енесіне күнде таңертең және олар ұзақ уақыт басқа жақта болып келгенде сәлем салады.

«Бешик туйи» (Бесік той) – жаңадан туылған нәрестені бесікке салар тойы. Бала өмірге келе сала 7, 9, 11-күні отбасының туған-туыстары жиналып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса нәрестенің киетін, зергерлік бұйымдары мен дастарқанға қойылатын тәттілерін алып барады.  

Тойға жиналған көпшілік қөңіл көтереді. Сонан соң «Бесікке салу» рәсімі басталады. Келіннің туыстары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Нәрестені бесікке бөлеп болғаннан кейін, қонақтар келіп шашу шашады.

Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өзбектердің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бүгінгі күнге дейін өз күшін жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келеді.

        

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі