«ҚХА ЖАСТАРЫ – 2017» ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ

Облыстық жастар форумын өткізу өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясында қалыптасқан дәстүр екені айтпаса да белгілі. Әдетте бұл үш күнге созылатын іс-шарада қатысушылар ойын-сауықпен қатар, түрлі берері мол семинар-тренингтерде білімін жетілдіреді. Оны аудандардағы түрлі этностардың жас-жеткіншектері асыға күтетіні де содан.

Биылғы «ҚХА жастары – 2017» облыстық форумы 23-25 тамыз аралығында Жуалы ауданы «Берікқара» шатқалындаға «Тау самалы» демалыс кешенінде өтті. Өңірлік ҚХА хатшылығының қолдауымен, «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған іс-шараға Тараз қаласы мен барлық аудандардан жиылған 60 жас қатысты. Форумның ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева жастарға уақыттарын сәтті өткізуге тілектестігін білдірді.

-Мұнда әрқайсымыз тек демалу үшін емес, күнімізді тиімді пайдалану үшін келдік. Танымға толы басқосулардың берері көп.  Жаңа таныстар тауып, тәжірибе алмасамыз. Үш күнге жалғасатын форум жоғары деңгейде өтуіне үлестеріңізді қосады деген сенімдемін,-деген Рано Махсудқызы жастардың ұйымдастыруымен өткен шараларды тамашалады. 

Форумға жиылғандар үш топқа бөлініп, оларға қызыл, жасыл және көк түсті жейделер таратылды. Сәйкесінше әр топ өзіне ат қойып, форум аяқталғанға дейін өлең шумақтарын ұрандатып жүрді. Іс-шараның алғашқы күні қатысушылар су добынан сайысқа түсті. Кешкі астан соң, әлеуметтік роликтер тамашалап, өз ойларын ортаға салды. Бұдан кейін орталық алаңға жиналған жастар би батлында бақтарын сынады. Марапат та жоқ емес. Әр ойын мен байқаудан соң, үздік командаға сыйлықтар табысталды.

Екінші күні арнайы шақырылған комерциялық емес мекемелер ассоциациясының төрағасы Айнұр Зәуірбекова өз тобымен келді. Оның құрамындағы  «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» жетекшісі А.Құлымбетов  жастармен көпэтносты ортада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында кездесу өткізді.  Заңгер Д.Халидов форумға қатысушыларды жеке кәсіп бастауға баулитын ойын өткізді. Сол сәтте кәсіпкерлерге, тексерушілер мен қызметшілерге айналған қыз-жігіттер барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Магнолия» газетінің тілшісі, «Шиват Цион» еврей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Михаил Бунин «Шешендік өнердің алғышарттары» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Коммерциялық емес мекемелер ассоциациясының қызметкері Дарья Бурмакина болса, командалар арасында «Ү» ұрпағының көшбасшысы» тақырыбында дебат ұйымдастырып, жеңімпаздарды кубокпен марапаттады. Төрешілердің пікірінше, қатысушылар арасында Қазақстан-Тараз телеарнасының журналисті, диктор «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Риналь Рахматуллин ерекше белсенділік танытты. Дебаттан соң, қатысушы топтар волейбол, баскетбол, үстел теннисі сондай-ақ, дойбы, шахмат ойындарынан өзара мықтыны анықтады. Спортшылардың көрсеткен шеберліктері мен ептіліктері шараның қызықты өтуіне себеп болды. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар тапсырылды. Кешқе таман жастар бір үйдің баласындай жұмылып, кәуап әзірлеп, бір дастархан басында бас қосты. Гитарамен айтылған әндер мен шынайы әңгімелер кештің сәнін кіргізді.

Форумның соңғы күні «Қоғамдық келісім» КММ методисті Вера Майкович «ЕХРО-2017» көрмесі тақырыбындағы өзара  қолөнер шеберлерінің байқауын өткізді. Осылайша, іс-шара қорытындыланып, қатысушылар жабылу салтанатына жиналды. Шағын концерттен соң, сөз сөйлеген «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнуддин Махусеев қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта өңірлік ассамблея жұмысына белсене атсалысуға шақырды.  

– Бұл үш күндік форумды Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы сіздер үшін арнайы ұйымдастырып отыр. Осылайша, «Қоғамдық келісім» КММ жұмысына белсене атсалысып, іс-шараларға үнемі қатысқандарымыз үшін рахмет айтып отыр. Жақсы демалыс болғаны сөзсіз. Бұл алдағы уақытта сіздерге мотивация болар деген сенімдемін.

Тағлымды басқосудың ұзақ уақытқа қатысушылардың есінде қалары сөзсіз. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Аз ғана күн ішінде жастардың жақын араласып, бір-біріне бауыр басып қалғандығын шараның аяқталу сәтінде байқадық. Мұндай кездесулердің көп болғаны жастардың таным көкжиегінің кеңеюіне себін тигізіп қана қоймай, жастар арасындағы бірлік пен татулықтың сақталуына жол ашады. Ал, көргені бар, көзі ашық азаматтың ел мүддесін ешқашан естен шығармасы анық.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі