Ерен еңбек ұрпаққа өнеге болды       

             «Еврей этномәдени бірлестігінің күніне орай» Байзақ ауданының Ғ.Байтасов атындағы орта мектебінде Түймекент ауылына еңбегі сіңген Александр Нахмановичті еске алу кеші өтті. Кешке ардагерлер, ұжымдастары, ауыл тұрғындары, ұстаздар, оқушылар, қатысты.

            А.Нахмановичтің ауылды дамытуға сіңірген еңбегі жайлы жиналғандарға екі тілде баяндалып, слайд арқылы естелік суреттері көрсетілді.  Кеңес өкіметі тұсында Трудовой пахарь колхозын басқарған А.Нахманович 1924 жылы 1 қарашада  Белорусь елінің  Минск облысында туылған. Жамбыл облысының Трудовой пахарь колхозына тұрақтаған ол Ұлы Отан соғысында 260 атқыштар дивизиясының 1026 атқыштар полкінің құрамында 1 Белорусь майданында  шайқасқа қатысады,  ауыр жарақаттан соң елге қайтарылды.  А.Нахманович басқарған жылдар ішінде колхозда мал басы көбейеді, тұрғындарының әл-ауқаты көтеріледі.  Колхоздың  шаруашылығын өсірген еңбегі бағаланып 1965 жылы Социалистік еңбек ері атағы беріледі. Колхозда еңбек ете жүріп қызылша өсіруде бригадалық еңбекті ұйымдастыруды өркендету тақырыбында диссертация жазып, 1970 жылы қорғап шығады. Еңбек пен ғылымды ұштастыра жүріп экономика ғылымының кандидаты атағына ие болуы да оның ерен еңбегінің жемісі.

           Кеште ардагер қариялар  Серік Мамырбаев сөз алып, Александр Львовичтің ерен еңбегіне тоқталды «Ол колхоз председателі болған жылдарда ауылдың  жағдайын жақсартып, көркейте білді.  Колхозға  сан түрлі сортпен алма көшеттеліп, алма бақты жандандырды, қызылша өсіріп, экономикамыз  көтерілді»,-деп  өткен жылдарды тебіреніп еске алды. Сол жылдары мектепті басқарған зейнеттегі педагог Оразалы Бозаев  оның  іскер, қызметіне  жауапкершілігі   жоғары басшы болғанын айтып,  қатты аязда мектептің жылу жүйесі істен шыққанда жұмысшыларды жұмылдырып, таң атқанша қалпына келтірілгені жайында  тебірене еске алды.  Кеш соңы  оқушылардың   концерттік бағдарламасына ұласты.