«Бірлігіміз жарасқан»фестивалі өтті

         2018 жылдың 28 мамырында Тараз қаласының «Баласағұн» ОКЗ Қазақстан Республикасы Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасы Талас облысы өнерпаздарының «Бірлігіміз жарасқан» атты шығармашылық фестивалі өтті.

         Фестивальшекаралас  екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып,  түбі бір түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени  байланыстарын күшейтуге, екі бауырлас елдердің  өнерін, тілін, салт-дәстүрін, қолөнері мен халық шығармашылығындағы  ерекшеліктерін таныту мақсатында ұйымдастырылды.

         Шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Қырғыз Республикасы үкіметінің Талас облысындағы өкілетті өкілі Марат Мұраталиев, Қырғызстан Республикасының Талас облысынан келген қонақтар, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, және қала тұрғындары қатысты.

         Баласағұн орталық концерт залына жиналған көрермендер қырғыз елінен келген делегациялардың сурет галереясын,  Ш.Уәлиханов атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Астананың 20 жылдығына арналған» кітаптар көрмесін,  белгілі отандық дизайнер Айдархан Қалиевтің этнокиім үлгілерінің және  Жамбыл гуманитарлық колледжінің  ұйымдастыруымен қолөнер көрмелерін  тамашалады. 

Бірлігі жарасқан қазақ пен қырғыз елдерінің арасындағы туыстығы мен ынтымақтастығының тамыры тереңде жатыр.Төскейде малы, төсекте басы қосылған шекараласекі мемлекеттің өнерпаздары сахнаның шырайын келтіріп, өнер мен мәдениет саласында да ажырамас бірлігін көрсетті.

         Қазақстан Республикасы Жамбыл облысы мен Қырғызстан  Республикасы Талас облысы арасындағы өнерпаздардыңконцерттік бағдарламасы екі елдің суырып салма ақындары  Нұрлыбек Құрманов пен Абдылда Нуралиевтың достық нақыштағы жарасымды арнау айтысымен басталды.Фестивальде Қырғыз Республикасынан келген өнер майталмандары Алтынай Коробаева, Калипа Чалова, Азиза Дүйшөналиева, Гүлира Сейдалиева, Бақыт, Айжан Намазбековтар, Акмат Токонов сынды т.б өнер иелері және «Кыялкеч» бишілер тобы қатысса, Жамбыл облыстық филармониясынан «Алатау» фольклорлық ансамблі, ҚР мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев «Бұлбұлым-ай» әнін, «Тараз» триосы «Көкшолақ» әнін, Жанна Асанқұлова украин әні «Однокалинаны», ҚР Мәдениет қайраткері Анна Вундер орыс әндерінен папури орындады. Сонымен қатаргрузин, ұйғыр,қазақ, татар халықтарының билері биленді. Мерекенің жоғары деңгейде өтуіне этномәдени бірлестік өкілдері айрықша атсалысты.

         Мерекелік кештің соңында  «Достық әні» шырқалып, шекаралас өңірдің  әкімдері өнерпаздарға ықылас гүлдерін ұсынды.