Жамбыл облысында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік-көпшілік іс-шарасын өтті. Аталмыш мерекені өңірлік Қазақстан халқы ассамблея хатшылығы, облыстық әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, этномәдени бірлестіктер, ҚХА құрылымы және «Ақ желкен» жастар лигасы бірлесе отырып ұйымдастырды.

 «Достық үйі» ғимаратының алдындағы алаңға «Шеберлер қалашығы» және «Тәттілер әлемі» атты көрмелер қойылды. Сонымен қатар, жүзге тарта қатысушылар  «Тәжік күресі», «Бағанаға шығу», «Жастықпен ұрып құлату», «Құрық ілу» және тағы да басқа Қазақстан халықтарының ұлттық ойындарында бақтарын сынады. Ең қызығы, ер адамдар иығында қой көтеріп, күштері мен сабырлылығын көрсетті. Ал ән айтып, би билегісі келгендерге үздік құттықтау мен ұлттық би сайыстары ұйымдастырылды.

Облыс әкімі, өңірлік ассамблея төрағасы Кәрім Көкірекбаев және оның орынбасарлары мерекелік-көпшілік іс-шараға  және өз салт-дәстүрлерін, дәмді тағамдарын көрсеткен этноауылда қонақ болды. Жамбыл атындағы алаң фольклор ұжымының және филармония әрістерінің өнер көрсететін үлкен залына айналды.  Одан бөлек, мерекені тамашалауға алыс-жақын шетелдік азаматтар да келді. Альчикен цирк тобы ерекше қойылымдарымен қала халқын тәнті етті. Тағы бір айта кетерлігі, Көне Тараз тарихи-мәдени орталығының алаңында ересектер караокеден ән айтып жарысса, балалар жағы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған суреттерін салды.

Бірлік, ынтымақтастық, мейірімділік. Бұл сөздер 1 мамыр мерекесінің ұраны іспеттес. Осыны ескерген өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы кезекті қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды да  ұмытпады. 6 жастағы анкологиялық ауруға шалдыққан Айымжан Досжан есімді қызға көмектесу үшін «Достық үйінің» алдына қорапша қойылды. Жалпы шараға 3000-ға жуық адам қатысты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша мереке күн ұзаққа созылды.

Жамбыл облысы әкім аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі