Жамбыл жерінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығы, ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік концерт өтті. Іс-шараны  Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ және Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының №5513 әскери бөлімшесі ұйымдастырды.

Жамбыл облысы әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Камал Нарбатыров өз құттықтау сөзінде қазақстандықтардың аталған айтулы даталарға деген көңілі ерекше екеніне тоқталды.

«Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттар мен ұлыстардан құралған әскери мерейтойы көптеген отбасылардың төл мерекесі іспеттес. Себебі олардың ата-ағалары Ұлы Отан соғысы жылдарында елін, жерін қорғаған. Бүгінде олардың немерелері тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Сондықтан да сіздерді осы мерекемен құттықтау – біз  үшін өте маңызды. Бір айта кетерлігі, өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының №5513 әскери бөлімшесі көп жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді».

Шара барысында әскери қызметкерлер Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Маметова сынды қазақстандық батырлардың ерлігін театрландырылған көріністер арқылы көрермен назарына ұсынды. Жамбыл облысы әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру бөлімі шара қонақтарын қызықты номерлермен қуантты. «Радонеж» орыс орталығының дуэті «Ты же выжил солдат», «Идет солдат по городу» әндерін орындаса, күрт ЭМБ әншісі Осман Делихасан-оғлы қазақ тіліндегі патриоттық ән «Жаса, Қазақстан!»-ды шырқады. Ал жақында ғана құрылған «Үкілім-ай» би тобы концертке айрықша атмосфера сыйлады.

Концерттік номерлер шараның ауқымдылығы мен айтулы мерекелердің маңыздығын көрсеткендей.

Жамбыл облысы әкім аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі