«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Ағымдағы жылдың 16 мен 18 тамыз күндері аралығында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы құрлымы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» өңіріміздегі Шу ауданы Жаңажол ауылы, Меркі ауданы Меркі ауылы және Тұрар Рысқұлов ауданы Луговое ауылында болды.  «Қайырымдылық керуенін» әр ауыл тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды.

 «Қайырымдылық керуені» алдымен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы міндетін атқарушысы Камал Нарбатыровтың этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері және медиаторлармен бірлескен кездесуімен басталды. Жиында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы, Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы, «Қайырымдылық керуенінің» мақсаты және медиация мәселелері айтылды. 

Сондай-ақ «Қайырымдылық керуені» өңірлік Қазақстан халқы ассамблея өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ұласып, көпбалалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік табыстаумен жалғасты.

Кездесу соңын Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушысы Камал Нарбатыров:

 – Қайырымдылық жасау – игі іс. Қайырымдылық халықты біріктіреді. Жастардың мейірімділігін оятады. Мұндай қайырымдылық ұлтқа, дінге, жасқа бөлінбейді. Қайырымдылық тек қаржылай көмек ғана емес, бір адамға жылы сөз айтып, көңілін көтерсең де, жақсы іске жатады. Біз бүгін өз өнеріміздің тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйладық деп ойлаймыз» – деп қорытындылады.

Шындығында,  «Қайырымдылық керуеніндегі» игі істер қоғамымызда риясыз мейірімділік пен адамгершілікті нығайтуда аз да болса өз ықпалын тигізгені анық. Бұл іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

 

                                                                   

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі