«ТАЗА ОРТА – ТАЗА БОЛАШАҚ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ
Отбасы күніне арналған апталық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 13 қыркүйек
күні «Таза орта – таза болашақ» атты экологиялық акция өткізілді. Акция
«Салауатты сана» және «Барыңды бағала» жобалары аясында ҚХА Аналар
кеңесінің ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шара барысында Тараз қаласындағы ұлы ойшыл, ақын Абай
Құнанбайұлының ескерткіші орналасқан аумақта абаттандыру және тазалық
жұмыстары жүргізілді. Акцияға өзбек, дүнген, поляк Аналар кеңесінің
төрағалары мен мүшелері,«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының
қызметкерлері, сондай-ақ М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің
студенттері белсенді түрде қатысты.
Қатысушылар ескерткіштің айналасын қоқыстан тазартып, көгалдандыру
жұмыстарына атсалысты. Облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы
Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығын атап өтіп,
қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сонымен қатар студенттер Абай Құнанбайұлының өлең-жырларын оқып, өз
өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, М.Х. Дулати атындағы Тараз
университетінің «Мәдениет және өнер» факультетінің 2-курс студенті
Жандос Үсен Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңінен
үзінді оқып, көпшіліктің көңілінен шықты. Аналар кеңесінің мүшелері
жастарға үлгі-өнеге ретінде Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта
орындап, шараға ерекше мән берді.
Іс-шара соңында ҚХА аймақтық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары,
республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі төрайымы
Сара Дузова жастарға жүрек жарды тілегін айтып, ақ батасын берді.
Бұл акция қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырумен қатар,
өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім мен ұлттық құндылықтарға
құрметті сіңіруге бағытталды.

