ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

Жуырда   Жамбыл облыстық полиция департаментінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған тағылымды шара ұйымдастырылды.  Мерейтой қарсаңында өткен жиынға өңірлік ҚХА  ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері қатысып, үш он жылдық белесті бағындырған іргелі ұйымның  еліміздегі маңызы мен рөліне айрықша тоқтала өтті.  Атап айтар болсақ, қалалық өзбек этномәдени  орталығының төрағасы,  өңірлік ҚХА ҒСТ мүшесі Абдурахман Зайнутдинов,  «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков  бейбітшілік пен келісім, қоғамдағы этносаралық тұрақтылықты сақтаудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі туралы полиция қызметкерлеріне  кеңінен баяндады.

Сондай-ақ, аталған жиында құқықтық сауаттылық пен полицияға деген сенімді арттыру,  этностық топтардың құқықтарын қорғау бойынша тұрақты диалог орнату секілді мәселелер де қозғалды.

ӘКЕЛЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА

Маусым айының үшінші жексенбісі – “Әкелер күні” мерекесі. Осыған орай, өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері өңірдегі 5513 әскери бөлімінде тәрбиелік маңызы зор тағылымды кездесу ұйымдастырды.

Жиын әкенің отбасындағы, қоғамдағы орнын айқындап, сарбаздар арасында отбасылық құндылықтарға, ата-анаға деген құрметті арттыруды көздеді.

Тағылымды шарада облыстық ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Аракси Плетнева модераторлық етіп, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, аталмыш кеңес мүшесі, Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, “Радонеж” орыс қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, аймақтық “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Роза Изятова, “Радонеж” ҚБ Аналар кеңесінің мүшелері Антонина Беляева мен Наталья Боцман, ақын, қоғам белсендісі Наталья Гончарова қатысып, тақырып төңірегінде толғаныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, республикалық “Адал азамат”, “Салауатты сана” жобалары жөнінде де келелі ойлар айтылды.

Сарбаздар да өз кезегінде әкеге деген сағынышын, құрметі мен ризашылығын ән мен жыр арқылы жеткізді. Бірқатар сарбаз жүректен шыққан өлеңдерін оқып, көрермен көңілін тебірентті.

Жиын соңында “Қоғамдық келісім” КММ қызметкері Қалижан Саркеев те әннен шашу шашып, Асқарбек Ақылшаұлы әскери бөлімге құнды қазына ретінде кітапты сыйға тартты.

Ал мұндай жиындардың әскери ортада ұйымдастырылуы сарбаздардың тек әскери машықты ғана емес, рухани құндылықтарды да бойына сіңіруіне септігін тигізетінін өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің белсенді өкілі Аракси Ваграмовна ерекше атап өтті.

ЖҰМЫС ОТЫРЫСЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру аясында Жамбыл облысының этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша ҚХА Хатшылығының жұмыс отырысы өтті.

Отырыста Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, этносаралық қатынастар саласындағы бөлім басшысы Серікжан Абдыкерімов және «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тайлеев баяндама жасады. Кездесу барысында Жамбыл облыстық Достық үйінің қызметі туралы есеп тыңдалды.

Жұмыс кездесуінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында қабылданған шешімдерді және Ассамблеяның 13 қоғамдық жобасын іске асыру жоспарын орындау мәселелері қаралды.

Кездесуде этносаралық өзара іс-қимылды дамытуға, ақпараттық-түсіндіру және мониторингтік жұмыстарды жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтудың негізгі бағыттары, этномедиация мен журналистер клубын дамыту мәселелері талқыланды.

ОҚУШЫЛАР АССАМБЛЕЯ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Ағымдағы жылдың 12 маусымы күні Достық үйінде облыстық М.Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» тақырыбында коворкинг ұйымдастырды.

Мерейтойлық шараға қаладағы №19 орта мектеп оқушылары мен өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсенділері қатысты. Жиын барысында оқушылар Достық үйіне саяхат жасап, оларға «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Замана Исмаилова аймақтағы этностардың тыныс-тіршілігі жөнінде ақпарат берді.

Алғы сөзді аталмыш бірлестіктің төрағасы Мухабат Турдыева алып, өскелең ұрпаққа еліміздегі іргелі ұйым – Ассамблеяның мән-маңызы мен құрылу тарихы жайлы түсіндірді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді құрметтей отырып, Отанды сүюге шақырған Мухабат Абдырахманқызы бірлікке ұйысқан еліміздегі этностар татулығына ерекше тоқталды.

Ал аталмыш бірлестіктің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Турсунмагомел Касимов балаларға үлкендерді сыйлау, жақсылықты бағалау сынды құндылықтар төңірегінде айтып өтті.

Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, жамбылдық жастардың жетекшісі Хамида Турдыева оқушылармен болашақ тақырыбында мазмұнды дәріс өткізіп, тиісінше олардың да Ассамблея, татулық, бірлік туралы ойларына құлақ асты.

Шара соңында аймақтық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі кішкентай қонақтарға балмұздақ таратып, естелік суретке түсті.

АРНАЙЫ ЖОБА АЯСЫНДА

Бүгін Астана қаласындағы Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі: Нәтижелер мен жаңа міндеттер» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Ауқымды шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Расул Ахметов,«Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» ҚХА жобасының жетекшісі Геннадий Шиповских, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік тіл жанашырлары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ассамблея мүшелері мен жобаның өңірлердегі жетекшілері қатысты

Қазақстан халқы Ассамблеясының аталмыш арнайы жобасының басталғанына биыл тура бір жыл. Жоба осы аралықта түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытып, ел ішінде тілді дамытудағы тиімді алаңға айналды.

Іс-шара барысында жобаның бір жылдағы нәтижелері сараланып, алдағы кезеңдерге арналған жаңа міндеттер белгіленді. Қатысушылар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынастағы орны мен маңызын терең талқылады.

Айта кетейік, жиынға Жамбыл өңірінен Тараз қаласындағы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын №26 орта мектебінің директоры Тарас Леоненко қатысып, «Мектептегі білім беру мен мемлекеттік тілдің сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында «Lingva TEN» тіл орталығының жетекшісі, қазақ тілін үйрететін онлайн мектептің негізін қалаушы, полиглот Владислав Теннің «Формула казахского языка» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Аталған жиынға «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі Аяна Ким онлайн форматта қатысты.

МУХАБАТ АЛЕХАНОВА – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

Ағымдағы жылдың 10 маусымында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын дәріптеуге арналған «Тыңда, дала Жамбылды!» атты республикалық байқау өтті.

Достық үйінде өткен сайыс этнос өкілдері арасында Жамбыл шығармаларын насихаттауға бағытталды.

Байқауға Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен Әулиеата өңірінен 9 үміткер қатысып, ақын шығармашылығын жатқа оқу және қазақ әнін орындау кезеңі бойынша бақ сынасты.

Сайыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева бұл тек өнер сайысы ғана емес, этностар достығының символы, ел бірлігінің жарқын көрінісі екендігін алға тартты.

Қос кезең бойынша сайыскерлер өнеріне ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова, Халықаралық айтыс ақындар, жыршы-термешілер ордағының мүшесі, Республикалық домбырашылар «Жамбыл облысы бойынша» төрағасы Дидар Басығараев, Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, облыстық ақын-жыршылар одағының мүшесі Мерей Әбуева әділ бағасын берді.

Республикалық аламанда ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбыл ақынның шоқтығы биік шығармалары оқылып, халық әндері әуелете шырқалды.

Айта кетейік, аталған байқауға қатысушылар қатарында облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Мухабат Алеханова мен өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсендісі Нұрсұлтан Искандеров бар.

Қазылар құрамының шешіміне сай, екі кезең бойынша облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Мухабат Алеханова басқаудың бас жүлдесін иеленсе, өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсендісі Нұрсұлтан Искандеров арнайы Алғыс хатпен марапатталды.

ҚҰРБАН АЙТ – ЕЛДІҢ БІРЛІГІН АРТТЫРАТЫН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

Бүгін Тараз қаласында облыстық және қалалық өзбек этномәдени бірлестіктері Құрбан айт мерекесін атап өтті.

Мерекелік шараға өңірлік ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің мүшелері , жергілікті өзбек этносының өкілдері және Өзбекстаннан арнайы келген қонақтар қатысты.

Құрбан Айт мейрамын атап өтудегі мақсат — бірлік пен бауырмалдықты ұлықтау, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына қайырымдылық жасау. Қайырымдылық – Жамбыл облыстық ҚХА жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Құрбан Айт мерекесі құрметіне орай, Өзбек этносының өкілдерімен құрбандыққа мал шалынып, шара қонақтарына Өзбек халқының ұлттық тағамдарынан тұратын дастархан жайылды.

Мерекелік дастархан басында келушілерге арнайы тәттілер, жеміс-жидектер мен сый-сияпаттар тарту етіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, қазақтың халық әндері мен термелері тыңдалып, өзбектің ұлттық биі тамашаланды.

Бұған қоса, дастархан басында Құран бағышталып, өзбек келіндері және жеткіншектерімен сүре-дұғалар жатқа оқылды.

Сондай-ақ, игі шарада өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Юлдашұлы Зайнутдинов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүзеге асырып келе жатқан мейрамның мән-мағынасына терең тоқталып, Құрбан айттың мұсылман жұрты үшін рухани-әлеуметтік маңызын атап өтті.

Бұған қоса, сөз сөйлеушілер қатарында облыстық өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Дилиорум Каримова ҚХА Аналар кеңесінің атқарып жатқан қайырымдылық іс-қимылдары мен жас ұрпаққа, жастарға қатысты тәлім-тәрбие тақырыптарына тоқталып, мерекемен құттықтап, Құрбан Айтқа ерекше көңіл бөлу игі істерінің алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Айтулы мерекеге келген жұртшылық ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдіріп, тамаша көңіл-күйде тарқасты.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕНДЕР БАҚ СЫНАСТЫ

Ағымдағы жылдың 4 маусым күні Достық үйінде қаламыздағы 5513 әскери бөлімінде елдік пен бірлікті, ұлттың рухани негізін арқау еткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқауының екінші кезеңі өтті.

Игі бастама – мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, қазақ тіліне деген құрметті күшейтіп, көпэтносты әскери ортада тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Ел көлеміндегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери қызметкерлер арасындағы түрлі этнос өкілдерінің байқауында қазақ тілінде көркем сөйлеуі, мәнерлеп оқуы, эссе жазуы және тілдік тапсырмаларды орындауы қадағаланып, тілді меңгеру деңгейі, сөйлеу шеберлігі, мазмұн тереңдігі мен шығармашылық қабілеттері сынға түсті.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің сайысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Атабек Салихбаевтың төрағалығымен «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы Аққу Қаратаева, мәдениет пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын – 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, кіші сержант Роллан Бондаренко, екінші орын – 3650 әскери бөлімінің ефрейторы Пархат Сеитке, үшінші орын – 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мирас Бехтольд пен 5574 әскери бөлімінің аға сержанты Эркинбой Шамуратовқа бұйырды.

Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы сыйлығы 5547 әскери бөлімінің сержанты Сергей Образцовге табысталса, басқа үміткерлерге бүгінде 30 жыл толған ҚХА туралы арнайы дайындалған кітаптар үлестірілді.

Жеңімпаздар арнайы дипломдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жиында сөз сөйлеген полковник Атабек Салихбаев байқаудың еліміздегі тіл саясатының жүйелі жүргізіліп жатқанын және көпэтносты қоғамда қазақ тілінің біріктіруші күшке айналғанын көрсететін, бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтып, мемлекеттік тілді қастерлейтін саналы ұрпақты қалыптастырудың айнымас кепілі болуына өз ықпалын тигізетінін айтты.

Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қолдау білдірген байқау 5 маусым күні қазақ тілінің кәсіби салада қолданылуын тереңдетуге бағытталған әскери бөлімдердегі тіл мамандары арасында өтетін «Үздік маман» байқауымен өз жалғасын табатын болады.

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ АРНАЛДЫ

Ағымдағы жылдың 5 маусымында Достық үйінде «Мәміле» пікір талас клубы жобасының кезекті отырысы өтті.

Бұл жолғы жиын тақырыбы – еліміздің мемлекеттік рәміздеріне арналды. «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атауымен өткен шараға клуб қатысушылары қатысты.

Шара барысында Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов пен Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамжарова мемлекеттік айшықтар турасында баяндама жасап, Отанды сүю оның Рәміздерін құрметтеуден бастау алатынын жастар санасына сіңірді.

Сонымен қатар, Абдурахман Юлдашұлы тарихтан тағылым тартатын Ұлы даламызды мекен еткен ежелгі тайпалар туралы мәліметтер беріп өтті. Ал Назым Тоқтасынқызы киелі Жамбыл жеріндегі тарихи жәдігерлер мен жауһарлар жайлы клуб қатысушыларын құлақтандырып, еркін форматта сұрақ-жауап алмасты.

Отырыс соңында жастар үш топқа бөлініп, Ой-Q танымдық ойынына белсене қатысып, мемлекеттік рәміздер туралы сұрақтарға жауап берді.

БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ

Жамбыл облыстық ҚХА Аналар және Ақсақалдар кеңесі балалар күні мерекесін биылғы жылы айрықша атап өтті.

«Бар жақсылық балаларға» деген ұранмен аймақтық Ассамблеяның аталмыш құрылымдары Тараз қаласына қарасты Жалпақтөбе алабындағы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Мерекелік шараға № 34 орта мектеп директоры Салтанат Ботақұлова және В.Чкалов атындағы орта мектеп басшысы Гүлзат Данаева, Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінің меңгерушісі Торғын Орынбекова, № 5 округ инспекторы Олжас Әбенов, Жалпақтөбе алабының ақсақалы Сапил Тәжиев, Қазақстанның дүнген республикалық этномәдени орталығының төрағасы Зайнуддин Махусеев, қалалық дүнген этномәдени орталығының жетекшісі Зиявидин Джамалов, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстанның дүнген республикалық этномәдени орталығы Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова, сондай-ақ, Жалпақтөбе алабының кәсіпкерлері қатысты.

Айтулы күн қарсаңындағы шара № 34 орта мектеп пен В.Чкалов атындағы орта мектебі жанындағы лагерь және шағын орталықтың ашылуымен бастау алды.

Бұл күні балаларға түрлі ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар концерттік қойылымын ұсынып, кештің көркін келтірді.

Мереке иелеріне арнап кеңсе тауарлары, түрлі ойыншықтар тарту етілді.

Page 1 of 169
1 2 3 169