Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі бағдарламасы негізінде әлеуметтік зерттеулер жүргізуге бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы биылғы өз жұмысын Талас ауданынан бастады.
Ағымдағы жылдың 17 сәуірінде жобаның ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша құрылған топ мүшелері Қаратау, Ақкөл, Қасқабұлақ елді мекендеріне барып қайтты.
Жұмыс топ құрамында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының, ҚХА хатшылығы – этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Серікжан Абдыкеримов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мен аталмыш мекеменің бірқатар қызметкерлері бар.
Олар бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытында түрлі іс-шараларға қатысып, Қаратау қаласы Қасқабұлақ пен Ақкөл ауылдарының тұрғындары, жастары, этнос өкілдері, этномәдени бірлестік басшылары және колледж студенттерімен кездесу өткізді.
Айта кету керек ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тобының құрамында әскери қорғаныс мамандары мен «Отбасы банк» қызметкерлері де болды. Жиын барысында мамандар тұрғындар тарапынан болған сауалдарға, жауаптар мен бағыт-бағдарлар көрсетіп, өз салалары бойынша кеңестер берді. Банк қызметкерлері жастарға үй алудың жолдары мен іске қосылған жаңа бағдарламалардың беретін мүмкіндіктерімен таныстырды.
Кездесу барысында түрлі жалған ақпараттарға сеніп арандатушылыққа жол бермеу, отбасында жалпыұлттық бірегейлік, «көк паспорт» ұғымын қалыптастыру, жастар миграциясын тоқтату, жастардың бос уақытын ұйымдастыру, белсенді ұзақ өмір сүру орталығын құру, әскери-патриоттық тәрбие сияқты бір қатар мәселелер көтерілді.
Жобаның аудандағы алғашқы жиыны ҚХА хатшылығы – этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Серікжан Тілеумұратұлы мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызының этномәдени бірлестік басшыларына қоғамдық қабылдау жүргізуімен өз мәресіне жетті.
