ШЫМКЕНТТЕ ҚХА ЖАСТАРЫНЫҢ «БІЗ БІРГЕМІЗ» ДОСТЫҚ ЛАГЕРІ ӨТТІ

Шымкент қаласында 24-25 тамыз күндері Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының «Біз біргеміз» достық лагері ұйымдастырылды.
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастар қатысты.
Атап айтқанда қатысушылар қатарында өңірімізден «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері Салахадин Алиев, Мишель Вернер, Нұрсұлтан Искендеров болды.
Екі күнге жоспарланған лагерь Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» ұйымының ұйытқы болуымен «Красные скалы» демалыс аймағында өтті. Лагерьдің негізгі мақсаты – жастар арасында жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеу, патриоттық рухты күшейту және Мемлекет басшысының нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық, ысырапшылдық сынды әлеуметтік дерттерден арылу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға атсалысу.