ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ САРАЛАНДЫ

Ағымдағы жылдың 4 тамызында онлайн форматта Ақсақалдар кеңесінің
жұмыс отырысы өтті. Онда биылғы І жартыжылдықта аталмыш кеңестің
атқарған жұмыстары сараланды.
Жиынға Жамбыл өңірінен «Қоғамдық келісім» КММ «Жобаларды іске асыру
және ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің жетекші сарапшысы Рахат
Ерханұлы қатысты.
Басқосуды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық
қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ директорының
орынбасары Руфина Усанова кіріспе сөзімен ашып, кеңестің қызметі
төңірегінде баяндама жасады. Одан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат
министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық
келісім» РММ жетекші сарапшысы Елдос Жұмағұлов Ақсақалдар алқасының
«Адал азамат» жобасы аясында атқарған жұмыстарын атап өті.
Сондай-ақ, онлайн кездесуде Рахат Ерханұлы аймақтағы кеңес мүшелерінің
есепті кезеңдегі жұмыстарын тізбектеп, қоғам ізгілігінің қорғаны болған
ақсақалдардың маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқандығын тілге тиек
етті. Атап айтсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің
бастамасымен іске асырылып жатқан «Адал азамат» арнайы жобасы аясында
аймақта этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау, этнос өкілдерінің
әскерге баруы, аудандағы медиация жұмысын жүйелі жүргізу және
ақсақалдар институтының жастармен жұмысын жандандыру, жастар
арасындағы діни радикализм секілді бірқатар мәселелердің шешімін тауып
келе жатқандығы айтылды.
Сонымен қатар, келелі жиында Солтүстік Қазақстан облысы «Қоғамдық
келісім» КММ-нің бас сарапшысы Айым Мұқышева да тақырып төңірегінде
баяндама жасады.