ТІЛ МЕҢГЕРУДІҢ ТҮРЛІ МЕТОДИКАСЫ ТАЛДАНДЫ
«Тілдерді оқытудағы инновациялық және интерактивті әдіс-тәсілдер»
тақырыбында бүгін Достық үйінде республикалық семинар өтті.
Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар қазақ тілін
оқытудың жаңа, инновациялық әдістерін ұсыну, сонымен қатар қазақ тілі
мұғалімдері мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыруды көздейді.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің алғыс сөзімен
ашылған семинар жұмысы барысында тіл меңгерудегі жаңа әрі тың
мүмкіндіктер, олардың құндылықтарын арттыру, тілдің цифрлық әлеуетін
арттыратын ЖИ жобалар туралы тағы басқа да түрлі баяндамалар жасалды.
Баяндамашылар арасында «Этностардың мемлекеттік тілді меңгеруі» туралы
сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева
этносаралық қатынас тілі – мемлекеттік тіл турасында жүзеге асып жатқан
жобаларға кеңінен тоқталды. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026
жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын тұрақты түрде
мемлекеттік тіл бойынша «Мың бала» ғылыми-ағартушылық жобасы,
«Мәміле» пікірталас клубы, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы
жобалары жергілікті этнос өкілдерінің тіл меңгеруде жоғары көрсеткіш
көрсеткен.
Нәтижесінде «Мың бала» жобасы негізінде жыл сайын тұрақты түрде
«Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық білім басқармасымен бірлесе
150-ге жуық ұстаз этностарға қазақ тілін оқыту бойынша инновациялық
әдістемелерді қолдана отырып, үздік оқыту методикасы және
технологияларын көпшілікке таныта білді. «Мәміле» клубы бойынша отбасы,
туыстық қатынастар, еліміздің әдебиеті мен тарихы, тарихи тұлғалар, ұлттық
аспаптар мен музыка, ұлттық-мемлекеттік мерекелеріміз, қоғамдағы
жастардың мәселелері тақырыптарында клуб отырыстары өткізіліп,
мәдениеттанушы, тарихшы, тілдің кәсіби оқытушылары, креативті, белсенді
спикерлер тартылған.
Ал, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңында мемлекеттік тілді еркін
меңгеру арқылы қызметтік жетістікке жеткен, көпшілік алдында еркін сөйлей
алатын 1100 адамнан реестр жасалып, оның ішінен 71 адамнан спикерлер
пулы қалыптастырылған.
«Қоғамдық келісім» КММ мемлекеттік тілді меңгеруде этностармен бұдан
өзге де түрлі жобаларды жүйелі жүзеге асыруда.
Екі бөлімнен тұратын тіл меңгерудің түрлі методикасын талдаған жиын ары
қарай тәжірибелік кезеңде өз жалғасын тапты.



