Тәуелсіздік және этносаралық қатынастар

 

Асқарбек Ақылшаұлы Сейілханов, өңірлік ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары, Жамбыл облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Этносаралық қатынастар жаңа Қазақстанның іргетасындағы маңызды да мықты кірпіш іспеттес. Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар – егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін пайда болған жаңа әлеуметтік-саяси ақиқат.  Қазақстандағы этносаралық қатынастар онда тұрып жатқан барлық халықтардың қоғамдық қызметінің әр түрлі салаларындағы сан түрлі өзара байланыстары мен қарым-қатынастарының тізбегі, ол біртұтас органикалық жүйе ретінде қызмет атқаратын құнды тәжрибе көрсетіп отыр. Өзінің тағдыр-талайында, біртұтас бола білудің жауапкершілігін көрсеткен кезеңі – ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды.

Этносаралық  қатынастардың басты тақырыбының маңыздылығы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «біз ұлтына және сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз!».

Қазақстанның  ұлттық саясаты  барлық этностардың  экономикалық және кешенді  дамуын, бейбітшілік пен келісімді, этностар арасындағы  достық пен  бірлікті, өзара  көмекті  ескере отырып дамуда. Халықтар достығы – қазақ  халқының  көңілінің  дархан кеңдігі, пейілінің  молдығы арқасында  Қазақстандық   үлгі – этносаралық келісім этностардың  татулығына  арқау болып отыр. Осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне тоқталмақпын. Аталған этносаралық келісімнің тұрақтылығына ҚХА-ның үлесі зор. Бұған – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  жыл сайынғы  Жолдауларындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты айтқан өте ауқымды бастамалары мен ұсыныс-ұсынымдары, маңызды тапсырмалары дәлел.

Бұл бастамалар мен тапсырмалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертуге зор ықпал етті.  Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман-есен өтіп, сын-қатердің бәрін еңсере осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғырту жолындамыз. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал  Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз тура бағытымыз бен бағдарымыздан айнымадық. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басып келеміз. Осы жолда  жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз  әр шешімді мұқият саралап, әр істі  байыппен жасауға тиіспіз.

Тәуелсіздік күні мерекеміздің қарсаңында айтарым –  отаншылдық рухы жоғары ел  көздеген мақсатына  қалайда жетеді. Біздің мұратымыз – әділетті Қазақстанды қалыптастыру болса, жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады..

Мемлекет басшысы халыққа арнаған  кезекті бір Жолдауында: «Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға  сенеміз.  Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Мемлекет  әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе  әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның  осындай ел болғанын қалаймын деп баса айтқан болатын.  Осы мақсатқа жету үшін  әрбір адам және бүкіл қоғам, ұлттық құндылықтарымыз  түбегейлі жаңаруға тиіс. Ол үшін  бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген  жанашырлықты талап етеді. Сондықтан бір кісідей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,  Тәуелсіз Қазақстанды осынау бейбіт қалпында сақтап қалуға атсалысып жүрейік, отандастар! Халықтың қолдауымен  баға жетпес тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

ТӘУЕЛСІЗДІК – ДАМУҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕР БЕРДІ

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 33 жыл толады.  Ата-бабаларымыз  арман еткен еркіндік үшін күрескендер арасында  орыс, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар  этносы мен басқа да  этностардың өкілдері аз болмағанына тарихи құжаттар дәлел. Олар Қазақстанның мүддесі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси майдан шебінде жүрді. Бодандық үшін қыршыннан қиылған боздақтар қаншама. Олардың ерлігін ескеріп, есімін мәңгі сақтау – бүгінгі ұрпаққа парыз. Расында, бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Біз бұл күнге қалай жеттік?» деген сауал мазалайтыны ақиқат.

Бүгінгі күн  – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз үш  жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл  еліміз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.  Талай сүрлеу соқпақты игерген мемлекетіміздің бүгінде берекесі артып, бірлігі бекем болып отыр. Көпэтносты мемлекет үшін бірлік пен татулықтың, тұтастық пен тұрақтылықтың алар орны ерекше.  Қазақстанда жүзден аса этнос өкілдері тұратынын ескерсек, олар Тәуелсіз  еліміздің серпінді дамуы жолында айтарлықтай үлестерін қосып жүр. Әрбір салада жемісті еңбек етіп жатқан  этностар қаншама. Жалпы,  Тәуелсіздіктің 33 жылы елімізде тұратын барлық этностардың дамуына үлкен мүмкіндік берді деп айта аламын.

Осынау жылдар ішінде Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.

Тәуелсіздікке жету жолы қан­шалықты ауыр болса, тәуел­сіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұр­пақ тәуелсіздіктің тағы­лым­дарын танып, қастерлеп, құр­мет­теп отыруы керек. Тәуел­сіздік бізге бәрінен де қым­бат. Сон­дықтан да бәріміз еліміз үшін ең­бектенуіміз, халқы­мыз үшін қыз­мет  етуіміз керек. Бүгінгі таңда барлық қазақстандықтарды биік мақсаттарға жету жолында –  ынтымақ пен  этносаралық келісім құндылықтары біріктіреді. Тәуелсіздік күні – күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы қандастарымыз үшін ұлық мереке.  Алдымызда Жаңа Қазақстанның дамуы жолында жаңа серпін берер міндеттер жетерлік. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарылатын игі істерде белсенділік танытып, Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосатындығына сенімдімін.

Құрметті жерлестер! Осынау  мереке қарсаңында, Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Леля УЗДЕНОВА, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ЖАС ӨЛКЕТАНУШЫЛАР ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ

Ағымдағы жылдың 7 желтоқсаны күні Тараздағы «Бақытты болашақ» Оқушылар сарайының жас өлкетанушылары Достық үйіне экскурсия жасады.

«Бір шаңырақ астында»  тақырыбы аясында оқушылар өңірлік Ассамблеяның тарихымен, этномәдени бірлестіктердің қызметімен, қолөнерімен, этнос өкілдерінің ұлттық киімдері, бас киімдері, тұрмыстық заттарының тарихымен танысып, этностар арасындағы достастық, мәдениет, салт-дәстүрлер туралы әнгімелер өрбітті.

Өлке тарихын тануға талпынған жастарға экскурсия барысында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева аймақтағы этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған үлкен жұмыстар туралы түсіндіріп өтті.

«Туризм және өлкетану» үйірмесінің жетекшісі Анна Крокошева бастаған жас саятхатшылар кездесу барысында жамбылдық этностар төңірегінде көптеген мардымды мағлұматқа қанықты.

«БІР ЕЛ» тарихи-ағартушылык ЖАСТАР жобасы мұнайлы өңір — АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, этностардың интеграциясын және «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын ілгерілету мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, «Қоғамдық келісім» республикалык мемлекеттік мекемесі ағымдағы жылдын 27-29 қараша кундері Атырау облысы, Атырау каласында ҚХА-ның «Бір ел» тарихи-ағартушылык жастар жобасы аясында келелі іс-шара өткізді.

Атаулы шараға Қазақстанның барлық аймақтарының Ассамблея жастары — этномәдени бірлестіктердің белсенді өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер, ауыл жастары қатысты.

Қатысушылар қатарында Жамбыл облыстық ҚХА жастары тарапынан «Ассамблея жастары» ҚБ активтері — Аскарбек Перизат,

Пак Милена, Шукуралиева Ширина және Леброва Рабиям да бар.

ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Руфина Усанова модераторлық еткен жиында

Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Г.Сүйеуовадан басталған бірқатар зиялы қауым өкілдері-спикерлер — Р.Қонысбаев, Л.Бердіғожин, Н.Багитжанов және А.Тәттібекқызы жиналған жастарға патриотизмді қалыптастыру,

қазақ мемлекеттілігінің тарихын және тарихи-мәдени мұраны зерттеу бойынша ғылыми-танымдық бағыт көрсетіп, Қазақстан халқының бірлігін нығайтатын рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы медиасауаттылық, сондай-ақ, ортақ мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау жөнінде сөз сөйлеп, жастарға құнды мағлұмат берді.

Шара шеңберінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту, жастарға Қазақстанның киелі жерлерін таныту, азаматтардың тарихи-мәдени мұраны зерттеуге деген қызығушылығын арттыру негізінде қатысушылармен Атырау облысының тарихи орындарына, Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайы мен ЕмбіМұнайгаз музейіне және

Атырау бекіре зауытына экскурсия жасалды.

Бұдан өзге, “QUIZ-2024”зияткерлік ойыны ұйымдастырылып, жастар

қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, мәдениетін қамтитын сұрақ-жауаптармен пікірталас викторинасын өткізді.

Маңызды шара соңын барлық аймақтардан жиналған жастар мұнайлы өңір — Атырау жерінің бір ашық алаңқайына шығып, Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін “Шаңырақ” киіз үйін тігуімен аяқтады.

Жамбылдық жастар Таразға мұнай аймағынан ерекше көңіл-күй, танымдық зор әсермен оралд

ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы жылы өткен XXXIII-сессиясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының этномедиация саласындағы мамандарының тәжірибесін ҚХА-ның барлық ұйымдарына тарату қажет екенін атап өткен болатын. Осы орайда, ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында тәжірибе алмасу мақсатымен Жамбыл облысына Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, аталмыш облыстың ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Маңғыстау облыстық ҚХА мүшесі, «Достлуг» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Тагиев келді.

Достық үйінде делегация құрамын Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік ҚХА мүшесі Абдалы Нұралиев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, медиатор Асқарбек Сейілхан, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, «Анаға тағзым» отбасыларды қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы ҚБ төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева қарсы алып, қазақтың ұлттық 7 тағамын ұсынды. Келген қонақтар әуелі Достық үйін аралап, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмыс барысына қанықты. Бұдан соң өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен этномедиация кеңесінің отырысы өтіп, онда аймақтардағы медиация институтының өзіндік ерекшеліктері баяндалды.

Алқалы отырыста облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Тоқбергенұлы аймақтағы медиаторлардың бітімгершілік бағытындағы жұмыстары өңірдегі бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен ықпал етіп отырғандығын баса айтты.

Сондай-ақ, «Елдесу және татуласу» жобасы аясында өңірдегі этномедиацияны іске асыру жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы баяндаса, облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Абдырахман Зайнутдинов және Жамбыл ауданы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғамдық медиатор Абдулхалил Маюфи саладағы тәжірибелерімен бөлісті.

Ал облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы Достық үйі жанынан құрылған «Достық» театрының сахналаған «Бір атаның балалары» қойылымы арқылы ауызбіршілік пен достықтың насихатталып жатқандығын айрықша жеткізді.

Өз кезегінде Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Маңғыстау облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Маңғыстау облыстық ҚХА мүшесі, «Достлуг» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Тагиев өңіраралық тәжірибе алмасу жаңа жобалар мен мүмкіндіктерге жол ашатындығын айтып, маңғаз өлке Маңғыстаудағы этномедиация саласындағы негізгі бағыттарды атап өтті.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ПОЛЯК ЭТНОСЫНЫҢ ӘДЕБИ КЕШІ ӨТТІ

2024 жылдың 30 қарашасы күні Достық үйінде Алматы қаласындағы Польша Республикасының консульдығының қолдауымен Жамбыл облыстық «Полонез» Поляк тілі және мәдениет орталығы «Далекая отчизна» атты мәнерлеп оқу байқауын өткізді.

Әдеби сайысқа қатысушылар төрт жас санатында көркем проза мен өлеңдерді мәнерлеп оқудан шеберліктерін көрсетті. Қатысушылардың еңбегін қазылар құрамының төрағасы, филолог Татьяна Белоголовых ,өңірлік поляк орталығының жетекшісі Лариса Калькова, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Ольга Макарова бағалады. Байқауда үміткерлер қазақ, орыс, поляк тілдерінде поляк ақындарының әдеби шығармаларын орындады.

Байқау әдеби шығармашылық нөмірлер мен қатар концерттік бағдарламамен өрілді. Сонымен қатар, «Радонеж» Орыс қауымдастығының өкілі Антонина Беляеваның орындауында «Я люблю свою землю» әні шырқалды.

Сондай-ақ, Евгений Белоголовых тараздық ақын Владимир Краковскийдің өлеңін оқыса, қобыз аспабында Елена Прудиус поляк ақыны Густав Зелинскийдің поэтикалық өлең жолдарын нақышына келтіре орындады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

ҚОРДАЙДА «ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚ КІЛТІ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

«Достық керуені» жобасы этностар арасындағы достықты дәріптеумен қатар, олардың мәдениет, спорт, әлеуметтік т.б. саладағы қырларын тануға кеңінен мүмкіндік береді. Дәстүрлі жоба аясында «Татулық – достық кілті» атты облыстық фестивалі өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері және аудандағы этнос жастары қатысты.

Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру.

Аудандағы дарынды тұлғалар өнерін саралаған сайыста өзбек, түрік, славян, кәріс тағы да көптеген этностардың әні айтылып, биі көпшілік назарына ұсынылды.

Шара соңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова және облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы ауданның этносаралық, қоғамдық-мәдени жұмыстарына өз үлестерін қосқан белсенді этномәдени бірлестік өкілдерін марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады

ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕГЕН ДОДА

«Достық керуені» — өңірдегі этнос жастарының таланты мен талабын анықтауда үлкен мүмкіндіктер беретін бірегей жоба.

Жамбыл облысында ілгерілетіліп келе жатқан жемісті жоба Қордай ауданында жалғасын тапты.

Жоба бағдарламасына сәйкес, Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ауданның этнос жастары арасында ұлттық ойындардан спартакиада ұйымдастырды.

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық спортты дамыту мақсатында өткен додаға қатысушылар «Асық ойнау», «Ләңгі тебу», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Гір тасын көтеру» сынды ұлттық ойындардан сайысқа түсті.

Өскелең ұрпақты тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, баулитын жарыс – этнос жастары арасындағы ынтымақты нығайтатыны күмәнсіз.

Ұлттық спортты ұлықтаған дода қызу әрі тартысқа толы өтті.

Жарыс ережесіне сай жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова мен Жамбыл облысы «Радонеж» Орыс қоғамдастығы бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин марапаттады

ОБЛЫСТЫҚ «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚБ «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫМЕН ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ Қордай ауданы жастарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында “Ассамблея жастары” РҚБ төрағасының орынбасары, өңірлік ассамблея жастары төрағасы Хамида Турдыева және бірлестік белсендісі, әрі “Барбанг” Күрділер этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы Хабиб Алиев, «Қоғамдық келісім» мекемесі «Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай жобаның мақсат-міндеттері туралы жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бірлестіктің белсенді жастары ҚХА құрылымдары және «Ассамблея жастары» ҚБ-нің алты бағыты және атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Жиын соңында өңірлік ассамблея белсенділері аудан жастарымен пікір алмасып, ұсыныстар мен қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ, бұл күні аудандағы “Бәйтерек” балабақшасында “Қоғамдық келісім” мекемесінің ұйытқы болуымен бүлдіршіндерге арнап аниматорлар қойылымы ұсынылды.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕУ — АНАЛАРҒА МІНДЕТ

Жамбыл облысындағы этностар ынтымағын дәріптеуге бағытталған «Достық керуені» жобасы аясында Қордай ауданында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды.

Жиынға облыстық, аудандық Аналар кеңесі, отбасы тұрмыстық-зорлық зомбылық жөніндегі полиция департаментінің маманы, медицина қызметкерлері, аудандағы колледждер мен жалпы орта білім беретін мектептердің тәрбие (құқық) ісі жөніндегі орынбасарлары, дағдарыс орталығының психолог мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кеңес отырысын аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жүргізді. Басқосуда «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева кеңес мүшелеріне ҚХА-ның «Салауатты сана» жобасы жайлы кеңірек мәлімдеме жасады.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру бағытында әзірленген «Салауатты сана» жобасының мақсаты — ҚХА Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында қоғамның әлеуметтік кеселдеріне жүйелі түрде қарсы тұруды көздейді. Ұлттық тәрбиені дәріптеу арқылы ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау мақсатында қазіргі күні өңірлік Аналар кеңесі ілкімді істерді еңсеріп келеді, – деп атап өтті Аққу Қаратайқызы.

Бүгінде қоғамда Z, миллениал, альфа ұрпаққа қатысты ұғымдар жиі айтылып та, жазылып та жүр. Кездесуде олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұрпақтар ерекшелігі туралы кеңес қатысушыларына Жамбыл облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ришат Райф егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ, шарада аудандағы жастар жайы да назардан тыс қалмады. Келелі кеңесте Қордай аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Ынтымақ Кәден аудандағы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың деректеріне сүйене отырып, баяндама жасады.

Бұдан өзге кездесуде ұрпақ тәрбиесінде ата-аналар институтының айрықша мәнге ие екендігі түсіндіріліп, білім беру ұйымдарының әлеуетімен жас ұрпақ бойына жаман кеселдер туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру қажеттігі айтылды