ОҚУШЫЛАР АССАМБЛЕЯ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Ағымдағы жылдың 12 маусымы күні Достық үйінде облыстық М.Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» тақырыбында коворкинг ұйымдастырды.
Мерейтойлық шараға қаладағы №19 орта мектеп оқушылары мен өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсенділері қатысты. Жиын барысында оқушылар Достық үйіне саяхат жасап, оларға «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Замана Исмаилова аймақтағы этностардың тыныс-тіршілігі жөнінде ақпарат берді.
Алғы сөзді аталмыш бірлестіктің төрағасы Мухабат Турдыева алып, өскелең ұрпаққа еліміздегі іргелі ұйым – Ассамблеяның мән-маңызы мен құрылу тарихы жайлы түсіндірді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді құрметтей отырып, Отанды сүюге шақырған Мухабат Абдырахманқызы бірлікке ұйысқан еліміздегі этностар татулығына ерекше тоқталды.
Ал аталмыш бірлестіктің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Турсунмагомел Касимов балаларға үлкендерді сыйлау, жақсылықты бағалау сынды құндылықтар төңірегінде айтып өтті.
Сонымен қатар, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, жамбылдық жастардың жетекшісі Хамида Турдыева оқушылармен болашақ тақырыбында мазмұнды дәріс өткізіп, тиісінше олардың да Ассамблея, татулық, бірлік туралы ойларына құлақ асты.
Шара соңында аймақтық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі кішкентай қонақтарға балмұздақ таратып, естелік суретке түсті.




