МУХАБАТ АЛЕХАНОВА – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
Ағымдағы жылдың 10 маусымында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын дәріптеуге арналған «Тыңда, дала Жамбылды!» атты республикалық байқау өтті.
Достық үйінде өткен сайыс этнос өкілдері арасында Жамбыл шығармаларын насихаттауға бағытталды.
Байқауға Түркістан облысы, Шымкент қаласы мен Әулиеата өңірінен 9 үміткер қатысып, ақын шығармашылығын жатқа оқу және қазақ әнін орындау кезеңі бойынша бақ сынасты.
Сайыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева бұл тек өнер сайысы ғана емес, этностар достығының символы, ел бірлігінің жарқын көрінісі екендігін алға тартты.
Қос кезең бойынша сайыскерлер өнеріне ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Алтынкүл Қасымбекова, Халықаралық айтыс ақындар, жыршы-термешілер ордағының мүшесі, Республикалық домбырашылар «Жамбыл облысы бойынша» төрағасы Дидар Басығараев, Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, облыстық ақын-жыршылар одағының мүшесі Мерей Әбуева әділ бағасын берді.
Республикалық аламанда ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбыл ақынның шоқтығы биік шығармалары оқылып, халық әндері әуелете шырқалды.
Айта кетейік, аталған байқауға қатысушылар қатарында облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Мухабат Алеханова мен өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсендісі Нұрсұлтан Искандеров бар.
Қазылар құрамының шешіміне сай, екі кезең бойынша облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Мухабат Алеханова басқаудың бас жүлдесін иеленсе, өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсендісі Нұрсұлтан Искандеров арнайы Алғыс хатпен марапатталды.




