«БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ АЯСЫНДА СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Ағымдағы жылдың 22 мамырында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі «Бірлігіміз жарасқан» әлеуметтік жобасы аясында Тараз техникалық және кәсіптік колледжі, Жамбыл жоғары медициналық және Сарыкемер ауылдық техникалық колледжінің студенттерімен кездесу ұйымдастырды.
Жиын жастар арасында толеранттылық құндылықтарын насихаттау, этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайту, мәдени әртүрлілікті құрметтеу арқылы бейбітшілік пен татулықты сақтаудың маңызын түсіндіруді мақсат етті.
Аталмыш шарада «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы Рахат Ерханұлы, Медиация кабинетінің меңгерушісі, кәсіби медиатор Валентина Досыбиева және «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айдана Бекмырза толеранттылық ұғымының медициналық, техникалық саладағы маңызын кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында Рахат Ерханұлы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің негізі – өзара түсіністік пен құрмет екенін атап өтті.
Ал Валентина Николаевна конфликтология мен медиацияның айырмашылығы турасында айтса, Айдана Бекмырза жастар арасындағы сындарлы пікір алмасу мәдениеті төңірегінде ой өрбітті.
Диалог форматта өткен жүздесуде студенттер сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісіп, қоғамдағы толеранттылықтың рөлін талқылады.




