«БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА» ОБЛЫСТЫҚ БАҚ БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Бүгінде киелі Әулиеата топырағы 87 этнос өкілдерін береке мен бірлікке бекемдеген қасиетті өлке. Осынау өңірде түрі басқа болса да, тілегі бір этнос өкілдерінің татулығы тұрғысында қалам сермеп, аймақтағы этносаралық тұрақтылықты насихаттауда БАҚ өкілдерінің еңбегі айрықша.

Осыған орай, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 28 маусым -«Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» мерекесіне орай БАҚ өкілдері арасында «Бір шаңырақ астында» байқауын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Бірлік пен тұрақтылықты нығайтуды көздеген биылғы байқаудың қатысушылары бүгін Достық үйінде марапатталды.

Аймақтағы саяси тұрақтылықтың орнықты болуын насихаттаудан еш танбаған қалам иелеріне облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мерекелік лебізін білдірді. Айта кетейік, биылғы байқауға 30 журналистен өтінім түскен болатын. Баспаөз, телеарна, телерадио, ақпараттық сайт салалары бойынша сынға түскен журналистердің шығармасына облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева және облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы әділ бағасын берді.

Қазылар құрамының шешімімен облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Марат Құлибаев пен «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Мерей Бает І орынға ие болды. Сайыстың ІІ орыны облыстық «Арай» газетінің тілшісі Ақтоты Жаңабай мен «Jambyl» телеарнасының редакторы Гүлзат Сапароваға бұйырды.

Сондай-ақ, Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі Алуа Үмбетқұлова, «Арай» газетінің тілшісі Эльмира Байназарова, «Qazaqstan» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл, қалалық «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі Сәуле Сұлтанбек, «Jambyl» телеарнасының редакторы Аягөз Құлманбет, «Jambyl» радиосының редакторы Гүлмира Садықова, «Знамя труда» газетінің фототілшісі Юрий Ким ІІІ орынға ие болды. Этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Знамя труда» газетінің тілшісі Дионисий Пляшешникке «Қоғамдық келісім» мекемесінің арнайы жүлдесі табысталды.

Ал байқауға қатысқан өзге де журналистер арнайы Алғыс хатпен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.

Сонымен қатар, атаулы күн қарсаңында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызы «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің бас сарапшысы Бибігүл Шахзаданы және жетекші-сарапшылары Назерке Оңғар, Толғанай Атабай, Ольга Макарова, Элизат Қонысбайды да марапаттап, төл мерекелерімен құттықтады.