БАҚ ӨКІЛДЕРІ ОНЛАЙН ФОРМАТТА БАС ҚОСТЫ
Ағымдағы жылдың 28 мамыры күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастар саласында қолданылатын терминдер бойынша арнайы семинар ұйымдастырды.
ZOOM форматында өткен семинар республикалық және өңірлік БАҚ өкілдеріне, баспасөз хатшыларына және басқа да медиа саласындағы мамандарға арналған. Аталған онлайн отырысқа «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің қызметкерлері және өңірлік ҚХА журналистер клубының төрағасы Марат Құлибаев, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Индира Боташева мен «Арай» жастар газетінің бөлім меңгерушісі Айжан Өзбекова қатысты.
Жиын ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айгүл Садвокасова және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиевтің алғы сөзімен басталып, этносаралық қатынастар саласындағы терминдер турасындағы баяндамаға ұласты. Айгүл Кәкімбекқызы өз сөзінде көпшілік көкейіндегі «диаспора» сөзінің мағынасы мен «этнос» сөзінің қолданылу орындарының аражігін ажыратып берді. Осы тұста айта кету керек, жергілікті жердегі өзге этникалық топ «этнос» деп аталса, шет жерде жүрген қазақстандықтар «диаспора» деп аталады.
Желідегі жиында бұдан өзге «Эносаралық қатынастар саласындағы әлеуметтік шиеленісті жариялау барысындағы журналистік этиканың психологиялық аспектілері» туралы сөз сөйлеген ҚЭЗИ Этносаралық ахуал мониторингі Орталығының директоры Гүлдана Оқасова ақпараттардың анықтығына көз жеткізіп, оны таратудағы түрлі алауыздық тудыратын мәселелерде абай болу керектігі туралы баяндады.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған орталықтың бас менеджері Жұлдыз Кәрім медиакеңістікте этносаяси терминологияны қолдану ерекшеліктері туралы өз тәжірибесімен бөлісіп, бүгінде этносаяси сөздердің дұрыс қолдану орындары турасындағы пікірімен бөлісті.
Жиынды «Медиакеңістікте демографиялық және этнодемографиялық жағдайды жариялаудың ерекшеліктері» туралы баяндамасымен ҚЭЗИ Ксенофобия проблемаларын зерттеу Орталығының директоры Аяулым Сағынбаева қортындылады. Аяулым Зарлықанқызы қазіргі таңдағы этнодемографиялық өзгерістерге қатысты тың жаңалықтармен және көші-қон мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын қарастырды.
Онлайн жиын соңы өзара пікір алмасулармен түйінделді.




