АРНАЙЫ ЖОБА АЯСЫНДА
Бүгін Астана қаласындағы Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі: Нәтижелер мен жаңа міндеттер» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Ауқымды шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Расул Ахметов,«Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» ҚХА жобасының жетекшісі Геннадий Шиповских, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік тіл жанашырлары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ассамблея мүшелері мен жобаның өңірлердегі жетекшілері қатысты
Қазақстан халқы Ассамблеясының аталмыш арнайы жобасының басталғанына биыл тура бір жыл. Жоба осы аралықта түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытып, ел ішінде тілді дамытудағы тиімді алаңға айналды.
Іс-шара барысында жобаның бір жылдағы нәтижелері сараланып, алдағы кезеңдерге арналған жаңа міндеттер белгіленді. Қатысушылар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынастағы орны мен маңызын терең талқылады.
Айта кетейік, жиынға Жамбыл өңірінен Тараз қаласындағы қазақ тілін тереңдетіп оқытатын №26 орта мектебінің директоры Тарас Леоненко қатысып, «Мектептегі білім беру мен мемлекеттік тілдің сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында «Lingva TEN» тіл орталығының жетекшісі, қазақ тілін үйрететін онлайн мектептің негізін қалаушы, полиглот Владислав Теннің «Формула казахского языка» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Аталған жиынға «Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі Аяна Ким онлайн форматта қатысты.




