ӨҢІРЛІК АССАМБЛЕЯНЫҢ ХХVIІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Достық үйінде «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» тақырыбында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIІ сессиясы өтті.

Аймақтық ассамблеяның алқалы жиынын облыстық ҚХА-ның қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров жүргізді. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыc және қала басшылығы, өңірлік басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес төрағалары, құқық қорғау органдары, облыстық-қалалық ардагерлер кеңесі, өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік мүшелері және Ассамблея жастары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дін өкілдері мен журналистер қатысты.

Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін сессия жұмысын бастаған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы өңірдегі этносаралық бірліктің маңызын және оны нығайтудағы Ассамблеяның рөліне тоқталды.

–Ұлтқа бөлінбей ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен ұйым Отандастарымызды бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырып отыр. Тыныштығы мен тұрақтылығы бекем елдің бірлігі арта бермек. Аталмыш қоғамдық институтты құрудағы мақсат көп ұлтты еліміздегі халықтар арасындағы достықты нығайту болатын. Бүгінде оны барша қазақстандық құптап отыр. Оған тәуелсіз Қазақстанымыздағы бейбітшілік дәлел. Халықтар достығын одан әрі нығайту, сіздермен біздердің ортақ міндетіміз, – деді.

Сонымен қатар, күні бүгінге дейін облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары қызметін жоғары деңгейде атқарған Асқарбек Сейілханов пен Ғұлам Умаровты қайтадан 1 жылға аталмыш лауазымға тағайындады.

Сессия мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Харкиевич, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков, Т.Рысқұлов аудандық Орыс этномәдени орталығының жетекшісі Любовь Левицкая, «Қарашай-балқарлардың – Бірлік» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Архыз филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Таня Апаева және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бейбітшілік пен келісімді нығайту барысында облыс көлемінде жүзеге асып жатқан шаралар, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өңірдегі саяси ахуал, медиация төңірегінде мазмұнды баяндама жасап, көпшілікті болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

– Ассамблея елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясының жол бастаушысына айналды. Ұйым арқылы әрбір этностың мүддесі қорғалады. Ассамблея – біздің тәуелсіздігіміздің құндылықтарының бірі, ел бірлігінің қуатты бірлігі. Әрине, уақыт талабына сай, Ассамблеяның жұмыс форматының өзгеретініне күмән жоқ. Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Негізгі бөлімнен соң сессия шешімінің жобасы ұсынылып, қабылданды. Сессия соңында этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі және өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін Сарысу аудандық «Возрождение» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лилия Вайс, Талас аудандық Татар этномәдени орталығының мүшесі Флюра Малыхина облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Қордай аудандық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы Камиля Дургалова, Жуалы аудандық «Славян» этномәдени орталығының мүшесі Ольга Цепкова, «Жамбыл облыстық «Корё» Кәрістер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Кан Анатолийге аймақ басшысының Алғыс хаты табысталды.

Шарада этнос жастарынан құрылған «Достық» театрының ұсынуымен Ш.Мұртазаның «Интернат наны» қойылымы көрсетіліп, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі «Қазақ» биін көпшілікке ұсынды.

Жиын өңірлік этномәдени бірлестіктер өнерпаздары Владимир Сорокин, Бахром Муминов, Диас Нүрпейісов, Мадина Бекмурзаева, Наталья Гиринаның орындауындағы «Мен сені сүйемін Қазақстан» әнімен түйінделді.