ӘКЕЛЕР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА

Маусым айының үшінші жексенбісі – “Әкелер күні” мерекесі. Осыған орай, өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік өкілдері өңірдегі 5513 әскери бөлімінде тәрбиелік маңызы зор тағылымды кездесу ұйымдастырды.

Жиын әкенің отбасындағы, қоғамдағы орнын айқындап, сарбаздар арасында отбасылық құндылықтарға, ата-анаға деген құрметті арттыруды көздеді.

Тағылымды шарада облыстық ҚХА Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Аракси Плетнева модераторлық етіп, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, аталмыш кеңес мүшесі, Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, “Радонеж” орыс қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, аймақтық “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Роза Изятова, “Радонеж” ҚБ Аналар кеңесінің мүшелері Антонина Беляева мен Наталья Боцман, ақын, қоғам белсендісі Наталья Гончарова қатысып, тақырып төңірегінде толғаныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, республикалық “Адал азамат”, “Салауатты сана” жобалары жөнінде де келелі ойлар айтылды.

Сарбаздар да өз кезегінде әкеге деген сағынышын, құрметі мен ризашылығын ән мен жыр арқылы жеткізді. Бірқатар сарбаз жүректен шыққан өлеңдерін оқып, көрермен көңілін тебірентті.

Жиын соңында “Қоғамдық келісім” КММ қызметкері Қалижан Саркеев те әннен шашу шашып, Асқарбек Ақылшаұлы әскери бөлімге құнды қазына ретінде кітапты сыйға тартты.

Ал мұндай жиындардың әскери ортада ұйымдастырылуы сарбаздардың тек әскери машықты ғана емес, рухани құндылықтарды да бойына сіңіруіне септігін тигізетінін өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің белсенді өкілі Аракси Ваграмовна ерекше атап өтті.