ҚҰРБАН АЙТ – ЕЛДІҢ БІРЛІГІН АРТТЫРАТЫН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

Бүгін Тараз қаласында облыстық және қалалық өзбек этномәдени бірлестіктері Құрбан айт мерекесін атап өтті.

Мерекелік шараға өңірлік ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің мүшелері , жергілікті өзбек этносының өкілдері және Өзбекстаннан арнайы келген қонақтар қатысты.

Құрбан Айт мейрамын атап өтудегі мақсат — бірлік пен бауырмалдықты ұлықтау, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына қайырымдылық жасау. Қайырымдылық – Жамбыл облыстық ҚХА жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Құрбан Айт мерекесі құрметіне орай, Өзбек этносының өкілдерімен құрбандыққа мал шалынып, шара қонақтарына Өзбек халқының ұлттық тағамдарынан тұратын дастархан жайылды.

Мерекелік дастархан басында келушілерге арнайы тәттілер, жеміс-жидектер мен сый-сияпаттар тарту етіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, қазақтың халық әндері мен термелері тыңдалып, өзбектің ұлттық биі тамашаланды.

Бұған қоса, дастархан басында Құран бағышталып, өзбек келіндері және жеткіншектерімен сүре-дұғалар жатқа оқылды.

Сондай-ақ, игі шарада өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Юлдашұлы Зайнутдинов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүзеге асырып келе жатқан мейрамның мән-мағынасына терең тоқталып, Құрбан айттың мұсылман жұрты үшін рухани-әлеуметтік маңызын атап өтті.

Бұған қоса, сөз сөйлеушілер қатарында облыстық өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Дилиорум Каримова ҚХА Аналар кеңесінің атқарып жатқан қайырымдылық іс-қимылдары мен жас ұрпаққа, жастарға қатысты тәлім-тәрбие тақырыптарына тоқталып, мерекемен құттықтап, Құрбан Айтқа ерекше көңіл бөлу игі істерінің алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Айтулы мерекеге келген жұртшылық ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдіріп, тамаша көңіл-күйде тарқасты.