АНА – ҰЛТТЫҢ ҰЙЫСТЫРУШЫСЫ
Ағымдағы жылдың 15-19 маусым күндері Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымдарына арналған «Ана – ұлттың ұйыстырушысы» атты модульдік оқыту бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курсы өз мәресіне жетті. Оқу курсы аясында жиын спикерлері әйелдер мәселелері жөніндегі әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері, гендерлік бағдарды бюджеттік жоспарлауда ескеру, Аналар кеңесінің қазіргі кезеңдегі өзге мекемелермен өзара іс-қимылы сынды маңызды тақырыптарды қозғады. Аталған басқосуға Жамбыл өңірінен облыстық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, республикалық дүнген аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы Аналар кеңесінің төрағасы Пайза Куненова қатысты.
Семинар, аналитикалық шолу, экскурсия, маңызды жиын аясында ұйымдастырылған шарада қатысушылар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін аралап, еліміздің жетекші педагогикалық ЖОО-сының академиялық қауымдастығына түлектерді даярлау сапасына, білім беру қызметіне, психологтардың жетіспеушілігі мен біліктілігіне, әдістемелік және оқу базасын әзірлеу немесе қайта қарау қажеттілігіне қатысты сұрақтарына жауап алып, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті.
Кеңес мүшелерінің толеранттылықты тәрбиелеудегі рөліне арналған өзекті ғылыми-практикалық бағыттағы тақырыптармен өрілген семинар жұмысы барысында қатысушылар мардымды ақпараттарға қанығып, біліктіліктерін арттырды.




