ЖОБАНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІНДЕ
Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшылар академиясы» жобасы өтуде.
Аталған жобаға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ден астам белсенді жастар жиылып, Елордадағы «OzgeEpic» креативті хабы» ғимаратында танымал жетекші тренерлер мен спикерлер жүргізген шеберлік сабақтарына қатысып, білімдерін жетілдіруде.
Үш күнге ұласқан шараның екінші күнінде қатысушылар бейвербалды қарым-қатынаспен және әлеуметтік белсенділікпен өзара әрекеттесу мәселелерін талқылап, өзекті тақырып төңірегінде білікті мамандардың дәрісін тыңдады.
Атап айтсақ, бағдарлама бойынша екінші күні UBES HIGH SCHOOL оқытушы-тренері Ләззат Асқарова қатысушылармен «Үлкен уақыт» атауымен тимбилдинг ұйымдастырды.
Ал, «Халықаралық құзыреттілік академиясы» ЖШС директоры, психология ғылымдарының докторы, медицина ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті Лейла Асылбекова «Вербалды емес тұлғааралық қарым-қатынас өнері» тақырыбында мардымды баяндама жасап, қатысушылармен пікір алмасты.
Сондай-ақ, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев Workshop тәжірибелік алаңында белсенді жастарға креативті инсайттар беріп, пікірлерін тыңдады.
Айта кету керек, бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа ұрпақ көшбасшыларын тәрбиелеуге, әлеуметтік және мәдени мәселелерді тиімді шешуге дайын жас жетекшілерді қалыптастыруға үлес қосады.
Сонымен қатар, «Көшбасшылар мектебі» өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, этносаралық қарым-қатынас және көшбасшылық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ жаңа ұрпақ көшбасшыларын даярлауда маңызды қадам болмақ.