ЖОБА ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДӘРІПТЕЛДІ

ҚХА-ның «Тіл мектебі» жобасы – түрлі этностар өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақтың мәдениеті мен тарихын тануға бағытталған бастама. Аталған жоба шеңберінде Меркі ауданы «Тұран» демалыс аймағында еліміздің әр аймағынан жиылған 40-қа жуық қатысушы шараның төртінші күнін мерейлі Меркінің көрікті жерлерімен танысудан бастады.

Бұдан кейін тіл үйренуші жастарды Меркі аудандық ҚХА Ақсақалдар және Аналар кеңесінің өкілдері Қостоған ауылы Жаңатоған ауылдық округінің мәдениет үйінде бар сән-салтанатымен қарсы алды. Бұл күні жастарға қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері кеңінен дәріптеліп, тарихы таныстырылды. Ауылдық мәдени мекемеде қатысушыларға арналып қазақ, түрік, өзбек, әзірбайжан, украин халықтарының ұлттық астары әзірленіп, дастархан жайылды. Қазақтың қазысы мен қартасы, қымызы мен құрт-ірімшігінен дәм татқан тіл игеруші жастар ерекше тамсанып, қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің құрт жаю, таба нан пісіру, киіз басу, кілем тоқу, жүн сабау, ұршық иіру, қонақ кәде сынды дәстүр жоралғылары көрсетілді.

Шара одан ары Қостоған ауылдық #14 орта мектебі оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жиында тіл жанашыры, жоба спикері Жанат Қажығалиева, Меркі аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, облыстық “Қоғамдық келісім” КММ жобаларды жүзеге асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, блогер, тіл жанашыры Анастасия Ульченко сөз алып, жастарға жобаның беретін мүмкіндігі мол екендігін айтты.

Мемлекеттік тілді өзге этнос жастарына меңгертудің әдістерін заманауи тұрғыда жеткізіп жүрген Украин қызы Анастасия Ульченко қазақтың ибалы келіні. Салт-дәстүрді берік ұстанған тіл жанашырына аталған мектептің зейнеткер ұстазы, “Білім беру саласының үздігі” Ольга Федоровна ақ орамал жауып, ілтипатын білдірді.

Кездесуде аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Қайнаркүл Татықұлова бірлікке ұйыған елге береке ұялайтындығын айтып, жастарға ізгі тілегін жеткізді.

Үлкендердің ақ батасын алып, жылы лебізін тыңдаған қатысушылар да сый кәде ретінде ән мен биден шашу шашып, қошеметке бөленді. Шара барысында ауыл жастары мен Ассамблея жастары арасында мәдениетаралық диалог орнады.

Жиын соңында шараны ұйымдастыруға атсалысқан аудандық Ақсақалдар және Аналар кеңесіне “Қоғамдық келісім” РММ-нің Алғыс хаты табысталды.