ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ
Ағымдағы жылдың 27 қарашасы күні «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Jastar BIR TOLQYNDA» сессиясының пленарлық отырысы өтті.
Өңірдегі жастар саясатын ілгерілетіп жүрген бірқатар ұйымдардың басын қосқан жиынға «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, облыстық жастардың жетекшісі Хамида Турдыева да қатысты. Аталған отырыс жастарды саяси үдерістерге қатысуға жұмылдыра отырып, оларды өз елінің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға ынталандыруды көздеді. Бүгінде Әулиеата халқының 29,1 пайызын жастар құрайды. Ал қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың мәселесі қашанда өзекті. Кеңес отырысында аймақтағы жастар саясатының дамуына үлес қосушы азаматтар өзекті мәселелерді талқылап, бірлескен шешімдерді қарастырды.
«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Дәурен Бағжанов маңызды басқосуда жастар мәселесін әуелі зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы анықтап алу қажеттігін алға тартты.
Сондай-ақ, шарада жастар арасындағы есірткі мәселесі де айтылып, құзырлы орган өкілдері көпшілікті ортақ чат арқылы бірлесіп, граффити-жазуларды жою және сайттарды бұғаттауға атсалысуға шақырды.
Сонымен қатар, өзге де азаматтар ортақ ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сессияда жастардың өзекті мәселелерін тыңдайтын, ұсынымдар айтылатын ортақ алаң қалыптасты.
Кездесу соңында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты өңірдегі жастар мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтардың пікір алмасуына, бірлесе әрекет етуіне алаң ұсынушы ретінде жастар саясатының дамуына қызмет етіп жатқан 30-ға жуық мекемемен ортақ меморандумға отырды.