ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРБОЛ ШЫРАҚПАЙҰЛЫ ҚАРАШӨКЕЕВ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Тараз қаласы Көне-Тараз тарихи-мәдени кешенінде орналасқан Достық үйінде облыс әкімі Е.Ш.Қарашөкеевтің өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері және Ассамблея мүшелерімен маңызды кездесуі өтті.

Кездесуге облыс әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасы, этномәдени бірлестік басшылары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ, «Ассамблея жастары»  РҚБ республикалық, облыстық баспа БАҚ өкілдері мен жергілікті ТV телетілшілері қатысты.

Жиын барысында әкім Ербол Шырақпайұлы жиынға қатысушы этнос өкілдерімен танысып болған соң бірден өңірлік ҚХА тарапынан ендігі атқарылатын міндеттер мен маңызды жобалар жөнінде алғы сөзін бастап кетті.

Жалпықазақстандық бірегейлікті алға тарта отырып, өз нәсіліне, ұлтына қарамастан толыққанды қазақстандық статусын сақтай отыра, Қазақстан Республикасының Әскери Армиясы мен құқық қорғау органдарына және мемлекеттік қызметтерге толыққұқықты қазақстандық ретінде этнос өкілдерінің де еш қысылмастан біліктілігі мен білімділігінің арқасында маман ретінде қызу кірігіп, қызмет етуге талпынуды және балаларына қазақ армиясында әскерлік қызметін өтеуден алшақтамауға бейімдеуді , осыған орай, әскери қызметті әрбір қазақстандық орындау керектігін басым түрде үндеді.

Жалпы бүгінгі кездесудің басты мақсаты да этнос өкілдерімен жақынырақ танысу және облыс көлемінде этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімге қосып отырған үлестерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдау, ҚХА жұмыс істеу жүйесіне жаңаша өзгеріс енгізу және мемлекеттік маңызды мәселелерге аса зор ден кою болатын.

Облыс басшысы ел аумағындағы 140-тан астам этнос өкілдерінің 87-сі Жамбыл өңірінде шоғырланғандығына тоқталып, ассамблеяның алдағы атқарар жұмыстарына жаңашылдық, өзгешелік кіргізу турасында өзінің мақсат тұтқан тың ой-ұсыныстарымен бөлісті.

Сондай-ақ, облыста этнос өкілдерінің басын қосқан 75 этномәдени бірлестік барынан хабардар өңір басқарушысы Жамбыл жерін мекен еткен этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысып жатқанына зор алғысын білдіріп, ЭМБ өкілдерін тыңдауға сыңай білдірді.

Әкім сөзінен кейін өңірлік ҚХА төрағасының ІІ-қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы және І-қоғамдық орынбасары, облыстық Қан орталығының басшысы Ғұлам Умаров жалғастырды.

Бұдан соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік Университетінің ректоры, «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төрағасы Мұхтар Байжұманов сөз алып, әріқарай облыстық «Днепро», «Вынхуа» этнобірлестік орталықтарының басшысы мен өкілдері —Федор Клименко, Руслан Исмазовтар және ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының облыс бойынша төрағасы Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, құрылымдар тарапынан «Ассамблея жастары»  РҚБ жетекшісі Хамида Тұрдыеваның баяндамасымен аяқталды.

Шара соңына қарай облыс әкімі этнос өкілдеріне ынтымағы жарасқан елде ғана тұрақтылық сақталып, болашақтың дамуы баянды болатынын айшықты жеткізіп, этностар қозғаған келелі мәселелер мен айтылған ұсыныстарын назарына алғандығын білдіріп, оларды айқын жоспармен жемісті де, нәтижелі еңбек етуге шақырды.

Жиын соңы естелік фотосессиямен тәмамдалды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі