Жамбыл облысында «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы өтті
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыс әкімінің өкімімен құрылған «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ тиісті сала мамандары аудан тұрғындарымен кездесті.
Жоба мақсаты облыс тұрғындарының мәселелеріне нақты шешім табуға бағытталған.
Облыс аудандарында халықты толғандыратын мәселелерді анықтауға, өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 49 іс-шара өткізіліп, оған 1685 адам қатысты, сонымен қатар әлеуметтік сауалнама алынды. Нәтижесінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар берілді.
Жоба аясында Шу, Меркі, Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарының ауылды аймақтарында жастармен кездесу және «Proдвигай себя» тақырыбында тимбилдингтер өтті.
Кездесу барысында жастар арасындағы жұмыссыздық, мамандығы бойынша жұмыс істемеуі, спорт, мәдени кешендердің жоқтығы, интернет күшінің төмендігі, азық-түлік бағасының жоғарылығы және этникалық белгісі бойынша қысым көрсету сынды мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, аудандардағы қоғамдық келісім кеңестерінің «Қоғамдық келісім кеңесі – азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы байланысты нығайтудың тиімді құралы» атты кеңейтілген отырыстары өтті. Аудандағы ауыл жастарының құқықтық сауатын көтеру, жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, спорт алаңдарының аздығы мен қолжетімділігі, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге тарту, діни ұйымдар жұмысына бақылау жасау, білім алуға этнос балаларының толық қамтылуы, жастардың жұмыссыздығы, этнос жастарының мемлекеттік тілді меңгеру сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Этнос өкілдері тығыз шоғырланған ауылдық округтерінде ұлтаралық, конфессияаралық қарым-қатынасты, ұлттар бірлігін сақтау бағытындағы шараларды жүйелеу туралы ұсыныстар да берілді.
Қорыта келгенде, аудандық, ауылдық округтердегі қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті әкімдік жанындағы кеңестерге тарту, қоғамдық кеңес төрағасы қызметін ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылды.
Жамбыл облыстық ҚХА өз тарапынан Қоғамдық келісім кеңестерінің сапалық деңгейін қайта қарап, бірнеше ауылдық округтердің қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарын біріге отырып атқаратын болады.
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы