Жамбыл облысы ҚХА жалпыреспубликалық «Мың алғыс» акциясын бастады.
Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбір жанның аман-саулығын бақылайтын ол әрине, ақ халатты абзал жандар. Республика көлемінде мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы медицина қызметкерлерін құттықтауға арналған «Мың алғыс» акциясын бастады. Өз кезегінде Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен белсенділері Құрбан айттың бірінші күнінде адам жанына араша болған жандардың отбасыларына қолдау білдірді.
Облыстың ақ халатты абзал жандары биыл жүздеген адамның өміріне араша түсті. Акция медицина саласында еңбек етіп жатқан әлеуметтік осал топтағы отбасыларға азық-түлік себеттерімен жәрдем көрсету болып табылады. Аталған азық-түлік жинағының ішінде қант , күріш, күнбағыс майы, ұн секілді өнімдер бар. Сондай-ақ, балалар үшін тәтті нан өнімдері де қарастырылған.
Сауапты істе атсалысқан этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері мен мекеме қызметкерлері акцияның алғашқы күнінде-ақ , 400 000 теңге қаражат жинап әлеуметтік жағдайы төмен 50 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді. Атап айтсақ, Ұйғыр этномәдени бірлестігі акция аясында көпбалалы отбасыға 60 000 теңге көлемінде көмек көрсетті. «Вайнах» Жамбыл шешен-инғұш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Рамзан Сапиевич бастаған белсенділер, Қордай ауданында еңбек етіп жатқан 14 медқызметкердің отбасына азық-түлік себеттерін үлестірді. Көрсетілген көмектің жалпы соммасы 200 000 теңгені құрайды. Жамбыл облысы ҚХА «Мың алғыс» жалпыреспубликалық акциясының бірінші күнінде жалпы соммасы 660 000 теңге көлемінде қайырымдылық жасады.
Айта кету керек, аталған акция 3 күнге созылады. Аудандағы аналар кеңестері, қоғамдық келісім кеңестері, этномәдени бірлестік мүшелері қайырымдылық көрсететін болады. Сонымен қатар, акция қасиетті құрбан айт мерекесінде халықты қайырымдылыққа шақыруға, төтенше жағдай кезіндегі көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беруге бағытталған.
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы