ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИХЫ
Сейткулова Жанна Мамбетовна
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университетінің доценті Тараз, Қазақстан
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап, мемлекеттік саясаттың өзекті мәселесіне айналған этносаралық қатынастарды жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі мен жұртшылығы маңызды қызметтерді атқарды. 1990 жылдың басында Елбасы Н.Ә. Назарбаев барлық этномәдени орталықтарды бір ұйымға біріктіру идеясын жариялаған еді.
Жамбыл облысында 1991 жылдардың өзінде облыста тағдыр талайымен келген 80-нен аса түрлі этностар мен этникалық топтар өкілдері мекен етті. Сол кезеңдерде облыстағы этностар мен этникалық топтардың әлеуметтік, мәдени мәселелерін шешу мақсатында бірнеше этномәдени бірлестіктердің орталықтары ұйым ретінде құрылды. Этномәдени бірлестіктердің құрылып, дамуына негіз болған 1991 жылдың 27 маусымындағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануы еді. Заң бойынша қоғамдық бірлестіктер, соның ішінде этномәдени орталықтардың құрылуы мен тәртібі реттелді. Сонымен, алғашқыда облыс территориясында мекендейтін этнос өкілдерінің қызметін үйлестіріп отыратын этномәдени бірлестіктер ұйым ретінде қызмет етсе, 1991 жылдан бастап олар заңды түрде өз жұмыстарын жалғастырды.
1989 жылдары облыста Низен Давид Абрамович басқарған неміс, 1990 жылы Абдусамет Марс Зияровичтің бастамасымен ұйғыр этномәдени бірлестігі қызметтерін атқарған болатын.
1995 жылы 16 ақпанда бірінші президент Н.Ә. Назарбаев елдегі барлық этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында КСРО ыдырағанннан кейінгі тәуелсіздік алған мемлекеттердегі ұлтаралық шиеленістердің зардаптары туралы және елімізде оған орын бермеу мәселесі қарастырылды. 1995 жылдың 24 наурызында Алматыда Қазақстан халықтары Ассамблеясының (2007 жылға дейін осылай аталды) бірінші сессиясы өтіп, оған 260 делегат қатысты. Сессияда Ассамблеяның ұйымдастырушылық құрылымдары белгіленді. Сессия нәтижесі республикадағы этномәдени бірлестіктердің жұмысына серпін берді.
1995 жылдың сәуірінде Жамбыл облысы Қазақстан халықтары Ассамблеясы (бұдан кейін ҚХА) құрылды. Оның құрамына этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым және тағы басқа өкілдері кірді. 1995 жылы Жамбыл облысында 9 этномәдени бірлестік болды. Грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс қауымдастықтары құрылған кезеңнен бастап, әлеуметтік-экономикалық және этникалық-мәдени тұрғыдан өз жұмыстарын атқара бастады. Жамбыл облысындағы этностар мен этникалық топтар жылдан-жылға өз этномәдени бірлестіктерін құрып, өркендеп келеді. Облыста қырғыздардың «Манас Ата», еврейлердің «Шиват Цион», әзірбайжандардың «Әзері», қытайлардың, поляктардың этномәдени бірлестіктері және «Қазақстан корейлері Ассоциациясының» Тараз бөлімшесі құрылған. Олар заң орындарынан тіркеуден өткен.
2005 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10 жылдығына орай, Қазақстан Республикасының бірінші президенті Н.Ә. Назарбаев Жамбыл облысы ҚХА-ның жаңартылған «Достық үйін» ашып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен сұхбаттасты. Ашылған «Достық үйінің» мақсаты – халық бірлігін, қоғамдық келісімді және ұлттық мемлекеттік бірегейлікті нығайту болып табылды. «Достық үйі» ұлтаралық мәселелер бойынша әдістемелік және консультативтік орталық та болып табылады. Сол кезеңдерде өтетін әртүрлі тақырыптағы мәдени-қоғамдық іс-шаралардың негізі де – ұлтаралық келісімді нығайту, ортақ Отанымыздың мерейін тасыту арқылы, ел бірлігін насихаттады. Арнайы жыл сайын жоспарлы түрде облыс көлемі бойынша көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отырды. Атап айтқанда, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде облыстық этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен 22 Наурыз мейрамы, 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні және саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні, облыстағы түрлі халықтардың ұлттық мейрамдары, халықтық қолөнер шығармашылығының көрмелері түрлі фестивальдер ұйымдастырылды.
2006 жылдың 28 маусымындағы №593 Қазақстан Республикасының Қаулысымен «Қазақстандық этникааралық және конфессияаралық келісім үлгісін жетілдіру бойынша» арнайы Бағдарлама қабылданған болатын. Әрине, бұл құжат елімізде ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуда және Қазақстан халықтары арасындағы келісім мен татулықты бекіте түсуде ұйымдастырушы, үйлестіруші басты құжат болды десе болады. Осы орайда Елбасы: «…Бізге төзімділік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ғашықтық. Бұл Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттылығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан ары қарай да сақталуға, дамуға тиіс», – деп дін мәселесінде аса сақтық таныту қажеттігін қашанда болсын баса көрсетті.
1995-2020 жылдары аралығында облыстағы этностар мен этникалық топтардың кестеде келтіргендей этномәдени бірлестіктерінің саны 75-ке жеткен. Олардың 26-сы облыс орталығында, 47-сі аудан орталығында құрылған. Олардың 34-і қоғамдық тіркеуден өтті.
Жамбыл облысы бойынша 1995-2020 жылдары этномәдени бірлестіктердің саны
№ | Жылдары | Облыстағы этномәдени бірлестіктер саны | Облыс | Қала | Ауд. |
1. | 1995 | 9 | |||
2. | 2000 | 14 | |||
3. | 2005 | 16 | |||
4. | 2010 | 29 | 20 | 9 | |
5. | 2017 | 73 | 26 | 47 | |
6. | 2018 | 74 | 48 | ||
7. | 2019 | 75 | 49 |
Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 180 адам және облыстағы барлық ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері енгізіліп жұмыс жасады. Ассамблея өскелең жас ұрпақтың тәрбиесі мәселесіне жіті көңіл бөліп, олардың өз салт-дәстүрін, тарихын, ана тілін білуі жолында көп істер атқаруда.
2009 жылы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағы өтті. Санақ қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 87 этнос пен этникалық топ өкілдері тұрды. Облыс көп ұлтты аймақ болып табылады. Басым көпшілігі қазақтар 64,8%, орыстар 18,1%, дүнгендер 3,1%, өзбектер (2,3%), корейлер 1,4%, тағы басқа ұлт өкілдері тұрады.
25 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің еліміздегі тұрақтылықты, ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға сүбелі үлес қоса отырып, консультативтік-кеңесші органнан конституциялық органга дейінгі өрлеу жолынан өтті. Ассамблея Қазақстан Республикасы Конституциясының, құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларын адамдардың құқықтары мен бостандығын іске асыруды бейнелеуші негізгі Қазақстандық демократия институттарының бірі болып отыр.
Осы жылдар аралғында Жамбыл облыстық Кіші Ассамблеясының Достық үйі – ұлтаралық мәселелер бойынша әдістемелік және консультациялық орталық болып табылды. Ресми түрде Жамбыл облыстық Кіші Ассамблеясы құрылғалы оның қызметінің мазмұндылығы мен жүргізіп отырған жұмысының ерекше маңыздылығы жағынан осы ұйымның тиімділігін білдіріп отыр деуге болады. Облыс Ассамблеясы хатшылығы, этномәдени бірлестіктер ел Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауын, Ел бірлігі Доктринасын іске асыру, Қазақстан халқы Ассамблеясы сессияларының материалдарын насихаттау, ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту, азаматтық қоғамды дамыту, азаматтарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, сондай-ақ облыс аумағында тұратын этностардың ұлттық дәстүрлерін, үрдістерін насихаттау бойынша көптеген істерді атқарып отыр [2].
Жамбыл облыстық Кіші Ассамблеясы хатшылығы өз жұмысын Қазақстан Республикасының «Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы» Заңының, облыс ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптық кеңестің концептуалды, ғылыми-теориялық әзірлемелері негізінде, Ел бірлігі Доктринасын, әлеуметтік маңызы бар бағдарламалық құжаттарды іске асыра отырып, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуды, облысымызда тұратын этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен үрдістерін насихаттауды, жұмыс тәжірибесімен алмасуды мақсат еткен ұйымдастыру іс-шараларының жүйелілігі негізінде жүргізіп отыр.
Сондай-ақ, Жамбыл облысында жұмыс істеп жатқан зерттеу және талдау құрылымдарымен (бірлестіктермен) сындарлы өзара іс-қимылдар орнату бойынша жұмыс жүргізілуде. Жамбыл облыстық Кіші Ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ белсенділік танытуда. Олардың интеллектуалдық әлеуеті тиімді пайдаланылуда. Ғылыми-сараптамалық топ мүшелері этносаралық мәселелер бойынша ұсынымдар дайындауға, ғалымдарды, саясаттанушыларды, тарихшыларды, қоғам қайреткерлерін тарта отырып, көкейкесті мәселелер бойынша әртүрлі ғылыми-практикалық конференциялар, пікірталастар, «дөңгелек үстел» отырыстарын дайындауға белсенді қатысуда
2011 жылдың 5 тамызында «Медиация туралы» ҚР Заңы күшіне енуіне орай, Жамбыл облысында осындай игі істі атқару үшін Л. Сафонова бастаған «Бітімгер» медиациясы және құқық орталығы ашылды. 2016 жылдың алты айындағы статистикаға жүгінсек, облыс соттарында медиациялық рәсімдер тұрғысында 95 қылмыстық іс қаралып, тоқтатылды, ал, азаматтық сотта 552 іс кәсіби медиаторлардың көмегімен сотқа жетпей өзара келісім барысында шешілді. «Қоғамдық келісім» КММ-де ашылған медияция кабинетінде сенім телефоны орнатылған. Осындай медиацияның 40 алаңы Тараз қалалық ІІД мен аудандық полиция бөлімшелерінде ашылып, жұмыстар жасауда.
2013 жылдың 20 тамызында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесі құрылды. Оның негізгі міндеттеріне отбасылық құндылықтарды дамыту, облыстың этномәдени бірлестіктері жанындағы аналар кеңесі қызметтерін үйлестіру жатады. Бүгіндері облыс көлеміндегі этномәдени бірлестіктер жанынан құралған аналар Кеңесінің саны 55-ке жетті.
2013 жылғы 26 желтоқсандағы №404 қаулысы негізінде Жамбыл облысы әкімі аппараты Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйін» Коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде облыс әкімі қайта құрды. Мекеме құрылымы 39 штаттық бірліктен тұрады. Оның ішінде 5 бөлім: әкімшілік құрамы, ғылыми- сараптамалық, көпшілік іс-шаралар мен тілдерді дамыту және этностар мәдениеті, әдістемелік, материалдық – техникалық қамсыздандыру және шаруашылық қызмет көрсету бөлімдері бар.
2015 жылдың 26 наурызында облыс әкімінің №48 қаулысымен «Достық үйі» Коммуналдық мемлекеттік мекеме атауы Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ болып өзгертілді. Осыған сәйкес штаттық кестесі бекітіліп, бөлім атаулары жаңа атаулармен аталды. «Қоғамдық келісім» КММ-нің штаттық құрылымы 39 бірліктен тұрады.
Жамбыл облысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің және этномәдени бірлестіктердің саны және олардың атқаратын қызметтері күн санап мазмұны мен мәні жағынан артып келеді. Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топ, қоғамдық келісім кеңестері, ақсақалдар, аналар, медиация кабинеті, журналистер клубы, «Жаңғырту жолы» жастар қозғалыс, «Ақ желкен» жастар лигасы және «Айбын» жастар әскери-патриоттық клубы бірлесе отырып, жан-жақты салалы қызметтерді атқаруды қолға алған. Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Н. Сарыбековтың жетекшілігімен жан-жақты жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс ассамблеясы хатшылығы ішкі саясат, білім басқармаларымен, ішкі істер департаментімен, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана және әртүрлі қоғамдық бірлестіктермен және әлеуметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста бірлесе жұмыс жасауда.
Тараз қаласы және аудан әкімдері жанынан қоғамдық келісім кеңесі құрылған. Ассамблея құрылған 25 жыл уақыттан бері этностардың ұлттық мәдениетін дамытуда тұрақтылықты, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту мақсатында бірнеше мыңдаған қоғамдық мәні бар іс-шаралар ұйымдастырды. Қарттарға құрмет көрсету, көп балалы отбасыларын қолдау, еңбек әулеті дәстүрлерін насихаттау, этностардың мәдени күндері, жастар форумы, ашық сабақтар, этномәдени бірлестіктердің облыстың алыс аудандарына шығуы, сонымен қатар әртістермен, ғалымдармен, әртүрлі саладағы шығармашылық өнер адамдарымен кездесулер ұйымдастыру қалыптасты. Шекаралас көрші Қырғыз елдерімен мәдени байқаулар өткізу тұрақты жүргізіліп отыр.
Облысымызда «Бірлігіміз жарасқан!» акциясы белсенді жүргізілуде. Осы акция шеңберінде мәдени бірлестіктердің өкілдері аз қамтылған және көп балалы отбасыларын, өз үйлерінде және ардагерлер мен мүгедектер үйлерінде тұрып жатқан соғыс және еңбек ардагерлерін, әлеуметтік қолдауға зәру қарт адамдарды аралап, адамдарға қайырымдылық көмектер көрсетеді.
2015 жылы атқарылған қайырымдылық акциясына атқарушы органдармен қатар, облыстық, аудандық «Нұр Отан» партиясының филиалдары, кәсіпкерлер, ірі мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестік өкілдері мен жастары, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» жастар бірлестігі және әртүрлі жастағы адамдар, дін басылары ат салысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан халқы 20 ізгі іс» эстафетасы шеңберінде облыс тұрғындары қайырымдылық акциясына, жәрмеңкелер және концерттерге қатысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы 20 ізгі іс» акциясына этномәдени бірлестіктер жауапкершілікпен атсалысты. Мысалы: ұйғыр этномәдени бірлестігі осы акция шеңберінде 5 аз қамтылған және көп балалы отбасыларына 655 мың теңгеден жоғары қайырымдылық акциясын жасап, көмек көрсетті. Өзбек, грек, дүнген, түрік, неміс этномәдени бірлестіктері аз қамтылған отбасылары мен соғыс ардагерлеріне көмек көрсетті. Поляк этномәдени бірлестік өкілдері К.Сарымолдаев атындағы балалар үйіне халықаралық балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Этномәдени бірлестік басшылары жақын арада құрылған «Зербұлақ» ат клубына сал аурулары,жүйке ауруымен ауыратын балаларды емдеу мақсатында ат сатып алып берді.
Жамбыл облысында «Қоғамдық келісім» КММ барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосатын, олардың жұмыстарына бағыт беріп, жастардың тұрғындармен бастарын жиі біріктіретін орталыққа айналды. Мекеме қызметкерлері аймақтық ассамблеяның жұмысын жандандыру мақсатында «Қазақстан халқы Ассамблеясы 2020 дейінгі даму» тұжырымдамасын, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауын, Ұлт жоспары «100 нақты қадам» реформасын және «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, сонымен қатар этносаралық келісімді, саяси тұрақтылықты, халықтар бірлігін қалыптастыруда және Қазақстандық патриотизмді насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіп, жұмылдырып отырады.
Этномәдени бірлестіктер біріге отырып қоғамдық мәні бар іс-шараларды жүргізеді, мемлекеттік мерекелерді атап өту, байқаулар, спорттық және қайырымдылық іс-шаралары, акциялар, ғылыми-практикалық конференциялар т.б. шаралар. Олар сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік жобаларды, білім гранттарын жүзеге асыру, және ана тілімен мемлекеттік тілді оқып үйренуде курстар ұйымдастырады. Аймақтарда этнос күндері ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып ерекше жағдайда өтеді. Облыстық ассамблея өзінің қарым-қатынасын үлкен ірі мекемелермен, ірі компаниялармен кеңейте түсті. Олармен қоғамдық келісім кеңесін құрып, этносаралық қарым-қатынасты дамыту мақсатында іс-шаралар өткізеді.
2016 жылы Біртектілік пен бірлікті қамтамасыз ету бағыты бойынша жұмыс – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында іске асырды. Ұлт жоспары «100 нақты қадамды» 4-ші реформасы «Біртектілік пен бірлік» Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму концепциясы, қазақстандық бірегейлік дамумен қатар, мәдени саясат концепциясы негізінде жүзеге асады. Әртүрлі әлеуметтік топтарға «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында насихаттау мен Ұлт жоспары «100 нақты қадам» іске асыру маңыздылығын түсіндіру үшін 11 облыстық ақпараттық топ және аудандарда да осындай топтар жұмыс жасады. Сонымен бірге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ та араласуда. Ғылыми-сараптамалық топтың 10 мүшесі аталған топтың қатарында. Ғылыми-сараптамалық топ облыста көшпелі кеңейтілген отырыстар, дөңгелек үстел мен БАҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, ғылыми жұмыстар жүргізуде.
2016 жылы Таразда «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында Достық үйінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 2016 жылдан бастап Жамбыл облысында «Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі» өткізіледі, оған жыл сайын 4 000 респондент қатысып, Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласы қамтылады. Әлеуметтік зерттеу деректері бойынша барлық этникалық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас төзімді болып табылады (2019 жылы-91,5%), этносаралық қатынастар саласында қолайлы жағдайлар сақталуда. 2019 жылы өңірдегі өмірмен қанағаттану деңгейі 89,5% құрады.
Өңірлік Ассамблея сонымен қатар халықаралық байланыстар деңгейінде де нәтижелі жұмыстар атқарылуда. 2019 этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарының Өзбекстандағы Қазақстан жылына арналған сапары ұйымдастырылып, қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесу өткізілді. Жамбыл облысына Тәжікстан Республикасының Бас консулы Баходур Назир және Өзбекстан Республикасының Бас консулы А. Фатхуллаевпен кездесулер болды. Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің поляк консулы Михал Богдановичпен, Үндістанның Ұлттық Кадет Корпусының делегациясымен кездесуі ұйымдастырылды. «Жібек жолындағы сұхбат – 2019» атты халықаралық мәдени жобасы бойынша Достық үйінде жоба авторы Мұрат Әуезовтың басшылығымен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркмениядан келген жетекші ғалымдардың қатысуымен сұхбат ұйымдастырылды.
Сонымен, қорыта келе Жамбыл облыстық Кіші Ассамблеясы хатшылығы құрылған кезеңнен бастап, өңірдегі этносаралық қатынастар мәселесін оңтайлы шешіп отырған қоғамдық институт ретінде толық қалыптасты. Мекеме қоғамның барлық салаларында өзінің белсенді қызметі арқылы ерекшеленді. Институционалдық тұрғыда негізделген мекеме облыстағы этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің беделді орталығына айналып, полиэтносты қоғамымыздың өркендеуіне өзіндік зор үлесін қосып келеді.