ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРГЕ ДОМБЫРА ТАРТУ ЕТТІ

Домбыра – атадан балаға жеткен асыл мұра. Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, үлкен азамат болып өссін деген тілекпен облыстық перинаталдық орталықта Домбыра күні дүниеге келген нәрестелерге төл аспап тарту етілді.

Өнегелі шараны облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірлік ҚХА Аналар кеңесі ұйымдастырды.

«Қасиетті домбыра» атауымен өткен дәстүрлі акцияға аталмыш мекеме басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық «Анаға тағзым» отбасыларды қолдау орталығының директоры, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырзағали және кеңестің белсенді мүшелері қатысты.

-Шілде айының алғашқы жексенбісі күні аталып өтетін Ұлттық домбыра күні – Қазақстан Республикасында халықты ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтап, ортақ құндылықтардың төңірегінде топтастыруды мақсат ететін мереке. Болашақта нәрестелердің де асыл идеяны іске асырушылар қатарында болатынына сенімдіміз. Өнегелі өмір жолында ұлттық аспап сәбилердің жан серігі болсын!, – деді Мубарак Қасымқызы.

Ұлттық аспапты ұлықтауға арналған шарада ұйымдастырушылар жаңа туылған сәбилерге және олардың жас аналарына төл аспапты «айналайын» деп басталатын ең әдемі сөзбен естелік ретінде сыйға тартып, алдағы өмірлеріне ұзақ ғұмыр тілеп, мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарын қадірлей білетін отаншыл ұрпақтар қатарының артуына ақжарма тілектерін білдірді.

Сондай-ақ, ақ жаулықты ана атансын деген ниетпен кеңес мүшелері жас аналарға ақ орамал жауып, батасын берді.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі