Жақсы сөз – жарым ырыс
Мен кішкентай кезімнен үнемі анама «мен міндетті түрде Назарбаевпен кездесемін!» деп сенімді түрде айта беруші ем. Жаратушы аузыма салған шығар, бәлкім, өзімнің өмірдегі нәсібім болар – Қазақ елінің басшысымен кездесіп, болашаққа нық сеніммен қарауды және өзімнің діттеген мақсаттарыма сүрінбей жетуді үйрендім.
Елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ең алғаш рет көргенім – 2016 жылы 1 желтоқсанда Астанада, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында «Тәуелсіздік сарайында» өткен республикалық жастар форумына қатысқан кезім еді. Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Мен ол кезде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жап-жас студенті болатынмын. Сол жиында Жамбыл облысы жастарының атынан спикерлердің бірі боп тіркелсем де, форумға қатысушылардың көптігінен сөз сөйлеу мәртебесі маған сол күні бұйырмай қалды, бірақ көңіл-күйімді түсірмедім, еңсемді биік ұстап, алда өзімді күтіп тұрған Елбасына қатысты басқа да ырыздықтан үмітімді үзбедім. Елбасын бетпе-бет көрудің өзі маған бір ғанибет болды. – Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы боп келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар,-деген сөздері әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты.
Сондай-ақ, Тұңғыш Президентімізді екінші рет көруім – 2017 жылы, күз айында Жамбыл облысына, Тараз қаласының Достық үйіне келгендегі сапары. Елбасымен жүздесу мәртебесінің бұйырғанына тағы да қуанышымда шек болмады.
Достықтың символына айналған қара шаңырақта өткен кездесу – аймақтық ассамблея мүшелері мен облыстық этномәдени бірлестік төрағалары, төрайымдары мен өкілдері, Аналар, Ақсақалдар кеңесі мүшелері Елбасымен кездескен, ол кісінің әр бірлестік мүшелерімен сұхбаттасып қал-жағдайларын сұрасқан, әр этнос өкілінің көкейінде нық сенім қалдырған бір тамаша күн болды десем артық айтпаймын.
Және мен де сол кездесуде жиынның спикері ретінде мемлекеттік тілімізде, жастарға байланысты сөз сөйлеп, туған жерімнің жастарының тыныс-тіршілігі жөнінде өз ойымды ортаға салған едім. Ол уақытта мен облыстық «JAMBYL-TV» арнасының орыс тілді тілшісі болатынмын. Сөзімді, ойымды баяндау барысында ол ғажайып адаммен тамаша диалог құрылды. Мемлекет басшысы маған Жамбыл өңірі жастарының хал-ахуалы, мақсаттары жөнінде сауалдарын қойып, мен жауап беріп, бір есте қаларлық керемет кездесу болған еді. Және де сол сәтте, менің – өзіміздің орыс этносының ұлттық киімінде тұрғаныма сүйсіне қарап Елбасы: -Мына келбетіңізге, ұлттық қиіміңізге қарап, қазақша қалай тамаша сайрап тұр деп қайран қалады екенсің?!- деп маған қуана, жымия қарап, тіпті қалжыңдағаны да бар еді. Туған елімді басқарып отырған осындай Үкімет басшысының тілге деген құрметін, менің шала-шарпы қазақ тіліме ризалығын көріп, мемлекеттік тілді үйренуге деген зейінім мен құлшынысым одан ары күшейе түсіп, сол сәтте, іштей «мен, облыстық телеарнада енді тек қазақ тілді тілші боламын!» деген ой-мақсат туындады. Арман-мақсатқа жету мүмкіншілігі адамның өзіне ғана байланысты ғой, ниет болса болғаны. Ғұлама Абай атамыз айтпақшы «ақырын жүріп, анық басып-ақ» бұл тілек-мақсатыма да жеттім-ау, ақыры?! Республикалық «Қазақстан» акционерлік қоғамы» Жамбыл облысындағы филиалы бойынша жергілікті «Қазақстан» телеарнасында «Бірлігіміз жарасқан!» атты мемлекеттік тілде өтетін тележобаның авторы болып, өз бағдарламамды қазақ тілінде жүргізіп, көптеген көрерменнің көзайымына айналдым.
Қазіргі уақытта мен, Жамбыл облыстық «Өрт сөндіру» мекемесінде, байланыс бөлімінің бас маманы және Жамбыл облысының «Азаматтық қорғау» мекемесінің аға сержанты боп қызмет етемін. Қызметімдегі мемлекеттік тілде жүргізілетін іс-қағаздарына жауаптымын, және қазіргі уақытта қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ой-пікірлерімді әдеби тілде толыққанды жеткізе алатыныма іштей өз-өзіме риза боп жүрем.
Осыған қоса, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларға белсенді атсалысып, Жамбыл облысының «Жас Отан» жастар қанатынан, «Нұр Отан» партиясынан, тілдерді дамыту басқармасы мен тілдерді оқыту орталығынан, Жамбыл облысы әкімдігінен алған марапаттарым – алғыс хаттарым мен мақтау қағаздарым толассыз еңбек пен зор сенімнің дәлелі.
Президентпен бала кезімнен «жоспарланған» екі кездесу де менің жүрегімде өшпес із қалдырды. Өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, қандай да бір марапаттарға ие болсам осы бір жан-дүниесі ғазиз ғажап адамның арқасы!
Президент жолы маған ел игілігіне жасалатын істерге – тың идеялар мен арман-мақсаттарға жол ашты!
Жамбыл облысы жастарының атынан айтарым – Елбасымыздың денсаулығы мықты боп, сындарлы саясаты өз жалғасын таба берсін демекпін!
Жамбыл облыстық «Радонеж» орыс қауымдастығы»
этномәдени бірлестігінің мүшесі,
«Жаңғыру жолы»
жастар қозғалысының өкілі
Карташова Карина Сергейқызы