ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ ӨҢІРЛІК ҚХА ҚОЛӨНЕРШІЛЕРІ ҚАТЫСУДА
Тарихы тереңнен тамыр тартатын Жібек жолы бойында жатқан көне Тараз шаһары екі жыл бұрын дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енген болатын. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен байырғы дәуірден-ақ талайларды тәнті еткен тарихи қаланың мұндай мәртебені алуы – заңдылық.
Қала қолөнершілерінің туындылары жаһандық деңгейде мойындалуына орай, Таразда «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III Халықаралық қолөнершілер көрмесі өтуде. Дәстүрлі көрмеге еліміздің үздік қолөнер шеберлері, қолөнершілерді қолдау қорлары мен ұйымдары, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан мемлекеттерінің шеберлері қатысуда.
Халықаралық көрме қонақтары «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде арнайы құрылған «Қолөнершілер қалашығына» келіп, үш күн бойы саф өнердің сан түрімен кеңінен танысатын болады.
Айта кетейік, мәдени шараға ҚХА жанынан құралған қолөнер шеберлері де атсалысып, жаз бойы шеберлік сыныптарында жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынуда.