ХАЛЫҚ ДОСТЫҒЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ – НАУРЫЗ
Бүгіннен бастап елімізде Наурыз мейрамын тойлау бағытында Наурызнама онкүндігі бастау алды. Көрісу күнімен қарқын алған алғашқы мерекелеуге жамбылдық Ассамблея мүшелері де жоғары деңгейде атсалысып, атаулы күннің маңызына қанықты. «Халық достығының алтын көпірі – Наурыз» атауымен Достық үйінде өткен іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы бірлесе ұйымдастырды.
Өңірлік ҚХА мүшелері кітапхана ұжымын бар сән-салтанатымен қарсы алып, Амал мерекесімен құттықтады.
Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жандана бастағанын сезіндірген халықтық мерекеде облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, «Днепро» украин ЭМБ жетекшісі Федор Клименко, «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, қалалық Өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, сондай-ақ, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Тұрарқызы және орынбасары Толқын Тәжітөреқызы көпшілікке жылы лебіздерін жеткізсе, аталмыш кітапхана қызметкері Ербол Бегимов ақ батасын берді.
Мерекелік шарада жергілікті этностардың дәстүрін дәріптейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдары қонақтар назарына ұсынылды.
Өз кезегінде кітапхана ұжымы да «Қарын бүрме» және «Шыж-мыж» немесе «Әсіп» атауымен ел арасында кеңінен танылған қазақтың ұлттық тағамдарын кәде-сый ретінде ұсынып, кітапхана қызметкері Меруерт Сайлаухан тағамдар тарихымен таныстырып өтті.
Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Альфия Сағындық орындаған «Есіңе мені алғайсың», «Днепро» украин ЭМБ жанынан құрылған «Маричка» және «Радонеж» орыс қауымдастығының «Калинка» вокалдық ансамбльдерінің және кітапхана ұжымының қызметкерлері Сапар Алтыбай, Гүлнұр Құрақбай орындаған әуезді әндер кеш шырайын аша түсті.