ТАРАЗДА ӨҢІРЛІК ҚХА ЖӘНЕ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Нәубетті жылдардағы қасірет халықтың көзінен кетсе де, көңілінен кетпеді.

Дәл осы күні жамбылдықтар репрессиядан жапа шеккендерге қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып,ел егемендігі үшін күрескен ұлт зиялыларын еске алады.

Осыған орай, Ы.Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке және «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді.

Еске алу шарасына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы қатысып,тағзым етті. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, этномәдени бірлестіктер төрағалары мен өкілдері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі мен БАҚ өкілдері және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы да қатысып, гүл шоқтарын қойды.

Мұндай іс-шаралардың мақсаты – Қазақстанға 30-40 жылдары жер аударылған этнос және этникалық топтардың ұрпақтарын дәріптеу, тағдыр тәлкегімен Қазақстанға ауып келген халықтардың тарихын сыйлау, жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, жалпы тарих пен жалпыұлттық идея негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту, болашақ ұрпақтар үшін тарихи зердені сақтауда азаматтық қоғамды біріктіру, қасіретті жылдардың қайғылы естеліктерін құрметтеу. Жазықсыз жазаға ұшырап, қаза тапқан, азапты сынақтар мен қуғын-сүргіндерден өткен ондаған, жүздеген мың ата-бабамыздың естелігі алдындағы қасиетті борышымыз қашан да маңызды болып қала бермек.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі