Таразда Ұйғыр этномәдени бірлестігі қайырымдылық көрсетті
Ағымдағы жылдың қазан айында Тараз қаласында Жамбыл облыстық Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің этнос күні өтті. Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы күнде этнос өкілдері дәстүрге айналған «Біз Біргеміз» атты қайырылымдылық акциясын өткізіп, халықтың ықыласына бөленді. Жүрегі нәзік адам қайырымдылық жасауға бейім келеді. Еліміздегі жағдайға байланысты әлеуметтік көмек көрсету актуалды тақырып екені белгілі.
Тараз қаласы 5 мөлтек ауданындағы №24-25 жатақхана тұрғындарына ұйғыр этносынан көрсетілген әлеуметтік көмектің жалпы құны 1 млн. теңгеден асады. Оның ішінде 1 тоннаға жуық азық-түлік осындағы 60 отбасыға үйлестірілді.
Іс-шараға ұйғыр этнос өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және БАҚ өкілдері қатысты. Қайырымдылық шараның басты мақсаты – көп балалы және әлеуеті төмен отбасыларға жақсылық жасау болып табылады.
-Қайырымдылық жасау біз үшін дәстүрге айналған. Қысылтаяң уақытта халық бір-бірін демеп жіберсе одан әрі нұрлана түсері анық. Жасаған әрбір жақсылығымыз елге аз да болса қуаныш сыйласа, мен үшін соны көру үлкен бақыт. Сондықтан, жақсылық жасап жарысуға тырысуымыз керек. Ал бүгінгі «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы жастарға үлгі болары хақ. Осы орайда артымыздан ерген жастар дәл осылай халыққа жанашырлық білдірсе деген тілегім бар, – деді ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мұхаббат Тұрдыева.
Сондай-ақ, аталмыш бірлестіктің қайырымды жандары 600-ге жуық адамға киім-кешектер таратып берді. Әлеуметтік көмек көп балалы отбасыларға және мүгедек жандарға дәл қазіргі сәтте демеу болары сөзсіз. Айта кету керек, мұқтаж жандарды киім – кешекпен қамтамасыз еткен бұл акцияға «Жаңғыру жолы» жастары да атсалысты.
Ал жиын соңында, жатақхана тұрғындары бірлестік мүшелеріне алғыстарын жаудырып, амандық тіледі.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы