Таразда Қордай күндері өткізілді

Үстіміздегі жылдың қараша айында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың  «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында облыс орталығы Тараз қаласында аудан күндерінің өткізілуі өте орынды бастама болды.  Жуырда өткен Қордай ауданының күні де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Жүсіп Баласағұн» орталық концерт залының аумағы жәдігерлер, кітап көрмелері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, туған жерден түлеп ұшқан танымал тұлғалардың фотосурет галереясымен мерекеге сай безендіріліп,  көпшілік назарына ұсынылды.  Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қойылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыс та қыза түсті. Елімізге белгілі эстрада жұлдыздары мен жергілікті көркемөнерпаздардың концерті де жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады. Аталған шараға облыстық  Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де айрықша атсалысты. Облыстық «Әулие Ата Қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Шаңырақ» қазақ қоғамдық бірлестігі, Қордай аудандық  «Отечество»  славяндар қауымдастығы, облыстық «Вынхуа»  дүнгенгендер этномәдени бірлестігі, «Ахыска» – түрік, «Вайнах» – шешен-ингуш этномәдени орталықтары ұлттық ас мәзірлерін ұсынып, қала қонақтары мен Тараз тұрғындарына  ән мен жырдан шашу шашты. Берекелі бірлік болған жерде мерекелі тірлік салтанат құрады. Қордай ауданының Тараз қаласындағы күні осы сөзімізді тағы бір мәрте дәлелдей түскендей.

Әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімін оятар, татулықтың тұғырын нығайтар осындай өңірлік ассамблея іс-шаралары өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң септігін, зор септігін  тигізеді деген  үміттеміз.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы