Таразда «Қазақ халқына мың алғыс» мерекесі аталып өтті
Бүгін Тараз қаласында, үстіміздегі жылдың көктемнің бірінші шуақты күнінде «Қазақ халқына мың алғыс» монументі орналасқан алаңда Жамбыл облысы әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болуымен «Алғыс айту» күніне орай, «Қазақ халқына мың алғыс!» атты мерекелік іс-шара аталып өтті.
Мерекелік шараға Тараз қаласының жұршылығы мен қонақтары, облыстағы этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жастары мен еріктілері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының жастары және республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері қатысты.
«Алғыс айту» күнін тойлаудағы басты мақсат – елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қиын-қыстауда ата қонысынан айырылып, бас сауға іздеген түрлі ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына алғыс айту, құрмет көрсету.
Сонымен бірге, биылғы жылғы 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі ел бірлігі мен беріктігін сақтап отырған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған сәйкес, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және ең бастысы – Алғыс айту күніне арналып, «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Мерекелік іс-шараның салтанатты ашылуы облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы мен облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестік мүшелерінің құттықтау сөздерінен бастау алды. Айтулы мерекеге жиылған жұртшылықты құттықтау сөзінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев былай деді: – «Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Қысылғанға сүйеу, қиналғанға медеу болған қазақ халқы кешегі қиын заманда – көптеген ұлт өкілдерін құшағына басып, бауырына тартып, дәм-тұзымен бөліскен дана халық. Сондықтан да, Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан күні деуге толықтай негіз бар. Баршамызға белгілі, өткен жыл біз үшін оңай жыл болған жоқ. Соған қарамастан алға қойылған мақсат-міндеттер өз қарқынымен орындалып жатты. Арандатушылардың жетегіне ермей, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыдырауына жол берілмесін, ағайын! Барша жамбылдықтарға және қазақ халқына деген алғыс сезімдерін айтулы мерекеге атсалысу арқылы жеткізіп отырған татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналған облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестік мүшелеріне рахмет айтқым келеді. Достық пен татулықты, тұрақтылық пен келісімді сақтап келе жатқан ұйымшылдығымыз нығая берсін!-деп сөзін аяқтады.
Сондай-ақ, құттықтау сөздер легінің қатарында қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдрахман Зайнуддинов пен облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мүшесі Динара Нұралиеваның қазақ еліне деген жүрекжарды тілектері орын алды. Бүгінгі күн түрлі этностардың ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанды дамыту жолында аянбай еңбек етіп, күрделі кезеңдерді бірге еңсерген еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін Алғыс айту күні екенін зор ықыласпен атап өткен өзбек бірлестігінің басшысы А.Зайнутдинов сөз кезегін қалалық №34-мектептің басшысы Динара Нұралиеваға берді. Д.Хатамқызы: – Мен Қазақстанда тұратынымды мақтан ететін дүнген қыздарының бірімін. Алғыс aйту күні – бұл, ең aлдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзaрa сенімділік пен қазақ еліне деген құрметтің орнығуына негіз болған салтанатты күн. Тағдырдың сынына ұшырап, Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген тағзымның белгісі. Сондықтан да болар, Отаныма, туған жеріме, еліме, қазақ халқына мың алғыс!-деп жылы лебізін білдірді.
Осыдан соң «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші алаңынан бастап Арбат-2 бойымен арнайы тігілген шатырларда қазақ халқы мен өзбек, поляк, әзірбайжан, дүнген, түрік, орыс, грузин, қарашай-балқар, ұйғыр, қытай, неміс, еврей, күрді, украин, тәжік, татар, корей тәрізді түрлі этностардың ұлттық тағамдары қойылған «Достық дастарханы» жайылды. Бұған қоса, жиылған жұрт әр этностың қолөнер бұйымдарын тамашалады. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өз ұлттық киімдерін киген этнос өкілдері аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған қонақтарды қарсы алып, ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Дастархан басына жақындаған қонақтарға арнау айтылып, әр этностың ұлттық аспаптарында түрлі сарындағы ауендер орындалды. Ең тамаша өнер көрсету еншісіне өзбек этномәдени бірлестігінің өнерпаздары иеленді.
Көпшілік-мәдени іс-шара соңы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен этномәдени бірлестік өкілдерінің және облыс ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділерінің ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды. Дәстүрлі ағаш отырғызу рәсімі «Қазақ халқына мың алғыс» монументі және қалалық «Қан орталығы» аллеяларында өтті.
Жамбыл облысы әкімдігі
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы