Тараз қаласының Достық үйінде «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Бірлік» қарашай-балкарлардың Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігінің этнос күні өтті
Қазақстан 140 этнос пен 19 конфессия өкілдерінің туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз.
Тараз қаласының Достық үйінде ағымдағы жылдың 22 тамызында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі – «Бірлік» қарашай-балкарлардың Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігінің этнос күні өтті.
Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің жанындағы облыстық «Бірлік» қарашай-балкарлар Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігі ұйымдастырған басқосуда Жамбыл облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсудқызы жиылған қауымды атаулы күнмен құттықтай келе, «Бірлік» қарашай-балкарлар бірлестігінің аға буын өкілдері мен жастарына өзінің: – Қазақстан – барлық этнос өкілдеріне кең құшағын жая білген қасиетті ел. Өңірлік «Бірлік» қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігін бүгінгі этнос күндерімен құттықтай отырып, өткені мен болашағына зор құрметпен қарайтындығымызды білдіреміз. Қарашай-балқарлар қауымдастығына деген ықыласымыз шексіз. Ұйымның талапты, өнерлі жастарына өсіп-өркендеу тілейміз,- деп, жылы лебізін білдірді. Іс-шара барысында жастарды тәрбиелеу және үлкенге құрмет көрсету, ата-бабалар рухына тағзым ету, басқа да этникалық ерекшеліктерге қатысты дәстүрлерді сақтау мәселелеріне көп көңіл бөлінді. – Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қарашайлардың жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ халқы бізге өте жылы көрінеді. Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді, – деді қарашай-балқарлар бірлестігінің басшысы Леля Ахмадқызы. – Саны аз болғанымен, қарашай-балқар жұрты ұлттық болмысын сақтап, мәдени орталықтары арқылы, өзіндік салт-дәстүр мен мәдениеті барда ұлт ретіндегі ерекшеліктерін қастерлей білетін халық. Бүгінде осы Ассамблея, тағдыры тоғысқан этностық ұлт өкілдерінің ауызбіршілігін бір шаңырақ астында ұйытып, бірлігін нығайту бағытында толайым тірліктер атқарып келеді.
Жиын соңында Жамбыл облысы ҚХА игі іс-шараларына аянбай өз үлестерін қосып, қайырымдылық танытып жүрген «Бірлік» қарашай-балқарлар бірлестігінің Аналар кеңесінің беделді мүшелері мен шығармашылық жастарына алғыс хаттар мен сыйлықтар тарту етілді.
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз орталығы