ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ– МАМАНДАРДЫҢ КӘСІБИ ӨСУІНІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

2023 жылдың мамыр айының соңында Тараз қаласының Достық үйінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ мамандарымен тәжірибе алмасу мақсатында кездесу өтті.

Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Досымбекқызы, бөлім басшылары – Аққу Қаратайқызы, Бибігүл Утепова, Вера Майкович, Валентина Досыбиева, Біржан Уксикбаев, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Михаил Тё және осы мекеменің қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ «Этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Хамит Рахматуллаұлы Исақовпен аудандарда жүргізілетін этносаралық қатынастарға қатысты жобаларды тиімді ұйымдастыру, сол бойынша өңірлік ассамблея ішіндегі негізгі құзыреттерді қалыптастыру, аталмыш саланы дамытуда Жамбыл облыстық Ассамблея мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің атақаратын рөлі, әділетті жаңа Қазақстанның алдыға қойған міндеттері бойынша біздің өңірде қандай жаңашылдығы бар шаралар ұйымдастырылуда, осы тұрғыда пікірлер ортаға салынды.

Сонымен қатар, этносаралық қатынастар саласында зерттеулер, талдамалар жүргізу, анклавтық жағдайдағы этностар мәселесін зерттеу, ресми, бейресми анклавтар төңірегінде сөз болып, екі ұйым жұмыстарының ерекшеліктері сараланды.

Аналитикалық, ғылыми сараптамаларында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қандай тақырыптар таңдалады, Журналистер клубының атқаратын міндеттері не, өңірлік БАҚ-тың Ассамблея материалдарын жарықтандыру жағы қалай, ассамблеяға қатысты қандай терминдер пайда болды, қайсысы көнерді,

кәсіби қолдау мақсатында қандай инновациялық жобалар жүзеге асырылуда, осы орайда да келелі мәселелер талқыланып, міндеттері ортақ екі ұйымның ұсыныстары да бір-бірімен түйісіп жатты.

Этносаралық мәселелерді ғылыми тұрғыда терең зерттеп жүрген Түркістандық әріптесіміз этностар шоғырланған аймақтардағы ақпараттық түсіндіру жұмыстар жүйесі мен мониторинг жағы Әулиеата өңірінде қалай қойылғандығына аса назар аударды.

Өзге облыстармен де этностар жөнінде өзара тәжірибелер алмасу жалғастырылмақ.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі