Тәуелсіздік – маңдайға біткен сый

Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары орда бұзар отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше.

Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес.

Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақстанды құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек.

Елбасының ерең еңбегін айғақтайтын тағы бір мәселе – ұлттар достығы. 130 дан астам этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, бастарын біріктіріп, бір дастарханнан дәм татқызу Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан келе білді.

Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында еліміздің жеткен жетістіктері туралы ойлап қою да артық емес. Артқа қарар болсақ, халқымыз қаншама қиындықтарды Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың арқасында жеңе білді. Ендігі алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстан тек жақсылықтардың жаршысы болады. Бейбіт өмірдің туы Қазақстанмен егіз болмақ.

 

Абдурахман Зайнутдинов

Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы