ТӘУЕЛСІЗДІК – ДАМУҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕР БЕРДІ

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 33 жыл толады.  Ата-бабаларымыз  арман еткен еркіндік үшін күрескендер арасында  орыс, украин, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, балқар  этносы мен басқа да  этностардың өкілдері аз болмағанына тарихи құжаттар дәлел. Олар Қазақстанның мүддесі, біздің ортақ Отанымыз үшін қолына қару алып та, саяси майдан шебінде жүрді. Бодандық үшін қыршыннан қиылған боздақтар қаншама. Олардың ерлігін ескеріп, есімін мәңгі сақтау – бүгінгі ұрпаққа парыз. Расында, бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Біз бұл күнге қалай жеттік?» деген сауал мазалайтыны ақиқат.

Бүгінгі күн  – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз үш  жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл  еліміз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.  Талай сүрлеу соқпақты игерген мемлекетіміздің бүгінде берекесі артып, бірлігі бекем болып отыр. Көпэтносты мемлекет үшін бірлік пен татулықтың, тұтастық пен тұрақтылықтың алар орны ерекше.  Қазақстанда жүзден аса этнос өкілдері тұратынын ескерсек, олар Тәуелсіз  еліміздің серпінді дамуы жолында айтарлықтай үлестерін қосып жүр. Әрбір салада жемісті еңбек етіп жатқан  этностар қаншама. Жалпы,  Тәуелсіздіктің 33 жылы елімізде тұратын барлық этностардың дамуына үлкен мүмкіндік берді деп айта аламын.

Осынау жылдар ішінде Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.

Тәуелсіздікке жету жолы қан­шалықты ауыр болса, тәуел­сіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұр­пақ тәуелсіздіктің тағы­лым­дарын танып, қастерлеп, құр­мет­теп отыруы керек. Тәуел­сіздік бізге бәрінен де қым­бат. Сон­дықтан да бәріміз еліміз үшін ең­бектенуіміз, халқы­мыз үшін қыз­мет  етуіміз керек. Бүгінгі таңда барлық қазақстандықтарды биік мақсаттарға жету жолында –  ынтымақ пен  этносаралық келісім құндылықтары біріктіреді. Тәуелсіздік күні – күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы қандастарымыз үшін ұлық мереке.  Алдымызда Жаңа Қазақстанның дамуы жолында жаңа серпін берер міндеттер жетерлік. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарылатын игі істерде белсенділік танытып, Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосатындығына сенімдімін.

Құрметті жерлестер! Осынау  мереке қарсаңында, Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Леля УЗДЕНОВА, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы