СЫР ЕЛІНДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында еліміздің белсенді жастары «Сыр елі – достық мекені» форумында бас қосуда. Республикалық форум Достық үйінде этномәдени бірлестік төрағаларының ұсынған ұлттық дәмінен ауыз тиіп, ақ баталарын алумен басталды.

Аталмыш жиынға Жамбыл облысынан «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Турдыева, «Ассамблея жастары» ҚБ төраға орынбасары Хабиб Алиев және «Ассамблея жастарының» мүшесі Зуфар Саитханов қатысуда.

Форумның ашылуы салтанатына Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов қатысып, 2 күнге жоспарланған форум жұмысына сәттілік тіледі.

Форумының алғашқы секциялық отырысы «Болашақ» университетінде өтті. Басқосу жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыруға, жастардың кәсіптік бағдарын айқындауға арналды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбына орайластырылған секцияда қатысушылар мамандық таңдаудың маңыздылығы, еңбек нарығындағы сұраныстар мен болашақ мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.

Жиын «Кәсіптік бағдар – табысты өмірге бастар жол» деген оймен қорытындыланды.

Айта кету керек, форум аясында түрлі тақырыптардағы мазмұнды секциялық жұмыстар өтеді және жастар үшін маңызды тақырыптар талқыланатын болады.