Таразда ҚХА Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті
2021 жылғы 10 желтоқсанда Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ-де Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті.
Жиын барысында Республикалық Журналистер клубында назарға алынған және облыстық журналистер қоғамдастығының алдында тұрған өзекті мәселелер мен жаңа міндеттер талқыланды.
Іс-шараға “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Парида Мамедова, Баспасөз қызметі қызметкерлері мен республикалық, облыстық және қалалық БАҚ тілшілері, клуб өкілдері қатысты.
Парида Мамедова өз кезегінде: – Бүгін біз барлығыңызды Журналистер клубының жұмыс жоспарларын,өзекті мәселелерін, ұсыныстарын бірге талқылау, сондай-ақ жақсы жаңалықтармен бөлісу үшін жинадық. Бірінші кезекте республикалық “Казахстанская правда” газетінің меншікті тілшісі Михаил Тены республикалық “Шаңырақ” байқауындағы жеңісімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Михаил Те 3- орынды иеленіп, жоғары дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметінің жетекшісі Бибігүл Утепованы Республикалық Журналистер клубының отырысына белсенді қатысқаны және өңірлік ассамблеяның ақпаратын республикалық және облыстық БАҚ – та белсенді жариялағаны үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Алғыс хатымен құттықтаймын, – деп құттықтау сөзін айтып, алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Парида Иманжанқызы 2019-2021 жылдар аралығында ҚХА Журналистер клубының жұмысын тыңғылықты, нәтижелі жүргізгені үшін республикалық “Айқын” газетінің меншікті тілшісі, облыстық “Арай” газеті мен қалалық “Жамбыл-Тараз” газетінің бас тілшісі – Саятхан Сатылғановты арнайы құттықтап, алғыс хат табыс етіп, естелікке жақында жарыққа шыққан ҚХА кітабын табыстады. Сонымен бірге, өңірлік ассамблея ақпараттарын БАҚ беттерінде тиянақты жариялаған облыстық журналистер – республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі – Хамит Есаманды, облыстық “Арай” газетінің тілшілері – Қамар Қарасаева мен Айжан Өзбекованы, облыстық “Знамя труда” газетінің тілшілері – Индира Боташева мен Лариса Губашеваны, апталық облыстық “Магнолия» газетінің тілшісі – Михаил Бунинді, облыстық «Знамя труда» газетінің фотографы – Юрий Кимді «Қоғамдық келісім» КММ алғыс хатымен марапаттады.
Айта кету керек, облыстық Журналистер клубының өкілдері Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің жұмыстарын БАҚ беттерінде, теледидарда үзбей жариялағандығы мен Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі қызметкерлерінің жедел ақпарат беріп отыруының арқасында Жамбыл облысының ҚХА Баспасөз орталығы басқа өңірлер арасында жетекші орынға ие болғандығы – біріге жасалған игілікті істің нәтижесін көрсетеді.
Мәжіліс барысында күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Жамбыл облысы ҚХА Журналистер клубының жаңа төрағасын сайлау өткізіліп, төрағасы болып клуб мүшелерінің дауыс беруімен бірауыздан журналистер клубының республикалық “Казахстанская правда” газетінің меншікті тілшісі Михаил Те сайланды.
Отырыс соңында клуб өкілі, ардагер журналист Михаил Бунин Жамбыл облысы ҚХА Журналистер клубының жұмысы туралы өзінің арнайы әзірлеген жаңа Ережесімен таныстыра келе, БАҚ өкілдерінің кәсіби шеберлігін арттыру бойынша семинар-тренингтер, шеберлік кластар өткізу жөнінде басшылыққа ұсынысын жеткізді.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
“Қоғамдық келісім” КММ
Баспасөз қызметі орталығы