Шекара қызметі департаметінің әскери бөлімшесінде этномәдени бірлестіктер қатысуымен «Қазақ халқына мың тағзым» мерекелік іс-шарасы өтті
Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы ҰҚҚ Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің жеке құрамы мен Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай, «Қазақ халқына мың тағзым» Шекара қызметі департаметінің әскери бөлімшесінде мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараға шекара қызметі департаментінің жеке құрамы мүшелері, облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктер өнерпаздары, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – қоғамдық санада халықты біріктіретін жалпыұлттық құндылықтарды және Қазақстанның барлық азаматтарының күш-жігерінің нәтижесі ретінде Тәуелсіздіктің мәнін күшейту, жалпыазаматтық ынтымақ, бірлік, сенім және өзара толеранттылықты бекіту.
Жиын барысында «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Бірлік-қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Узденова Леля Ахматовна, «Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Зайнуддинов Абдрахман Юлдашевичтер Алғыс айту күні тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының анық белгісі, қазақ халқы кешегі қиын заманда – көптеген ұлт өкілдерін құшағына басып, бауырына тартып, дәм-тұзымен бөліскен дана халық екендігі жөнінде баяндама жасады. Жиылған жұртқа мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және этносаралық карым-қатынастарды нығайту жөнінде сөз сөйлеп, этнос өкілдерінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалауға шақырды.
Сондай-ақ, жиын соңына жақын сахнада этномәдени бірлестік өкілдерінің, мәселен, «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Меңдібаев Орынбасар Ахметұлының («Жылқычы ыры») «Жылқышы жырын», «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Үкілім-ай» би ансамблі қазақ және татар билерін, облыстық Немістер қоғамының «Поющие сердца» өнерпаздары «Тумбалалайка» әнін, бұған қоса, облыстық «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің әншісі Антонина Беляева орыс халқының «Я люблю свою землю» әнін көрермендер назарына ұсынды.
Іс-шара соңы қалалық Әлия Молдағұлова атындағы №28-мектептің 3-сынып оқушысы Ернұр Төленалының «Мен қазақпын» әнімен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімдігі
Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы