САБАНТОЙ – ДОСТЫҚ МЕРЕКЕСІ

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы «Сабантой» ұлттық мерекесін атап өтті.

Ертеден тойланып келе жатқан мерекеге бұл күні қалың көпшілік жиылып, татар-башқұрт халқының дәстүрлерімен танысып, достықты дәріптеді.

Салтанатты шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, қалалық мәслихат хатшысы Кенжебек Олжабай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова, «Қазақстан татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі жанындағы «Ак калфак» татар және башқұрт әйелдері кеңесінің төрайымы, Астана қалалық «Дуслық» татар мәдени білім орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Яннат Низамутдинова барша жиналған қауымды мерекемен құттықтап, еліміздің дамуы мен нығаюына сүбелі үлес қосып жүрген бірлестік өкілдеріне құрметін көрсетті.

Атаулы мереке – шаһарда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін дәстүрлі мейрам. Достықты ту еткен мерекелік кеште облыстық “Днепро” Украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік-қарашай- балқарлардың Жамбыл филиалы» ҚБ жетекшісі Леля Узденова бастаған бірқатар өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері мерекелік лебіздерін білдіріп, береке-бірліктің мерекесі еліміздегі ынтымақтастықты сақтауда маңызды рөл атқаратындығын жеткізді.

Сондай-ақ, шарада татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенді өкілдері марапатталды. Және «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалы төрағасы, шараның ұйымдастырушысы Фарида Нақыш арнайы Алғыс хатқа ие болды.

Сабантойда көпшілікке татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар мен тәттілерден әзірленген көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Сонымен қатар, татар күресі, арқан тарту, қол күрес, қасықтағы жұмыртқамен жүгіру, қаппен қашықтыққа секіру сынды өзге де ұлттық спорттық ойындар мереке көркін келтірді. Мерекеге келген қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, заманауи әндерге биледі.

Дәстүрлі мереке бұл жолы да жоғары деңгейде өтіп, тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлады.