Президент Жолдауы – жаңа мақсат-міндеттер
«Медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін 150 млрд теңге бөлінеді. Төсек қорын жаңартуға және медициналық жабдық сатып алуға тапсырыс берілді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында дәл осылай мәлімдеді. Коронавирустық инфекция пандемиясы әлем елдеріне медицинаның жаңа бағыттары мен басымдықтарын айқындап берді. Осы жағдай өз шешімін табуды талап ететін мәселелердің бетін ашты. Енді ғана ауыздықталып жатқан ауыр індетпен күресте, медицинаға үлкен жауапкершілік артылды. Қоғам иммунитетінің мықты болуы үшін медицина саласына барынша қолдау көрсетілуі тиіс және мемлекет басшысының стратегиясы осы бағытқа көзделген. Өз кезегімде, мен медицина қызметкерлерінің адал еңбегін бағалап осындай қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына өз алғысымды білдіремін. Қазір медицина саласында жүрген және болашақта осы салаға келетін дәрігерлерді ынталандыру үшін дәрігер беделін арттыру – өте маңызды фактор. Қаланың қарапайым тұрғындарын алдымен медицинаның сапасы толғандырады. Бүгінде біздің медицинаға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Жолдауда Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Атап айтар болсақ, елдің Әлеуметтік кодексін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының атап өтуінше, қоғам еңбек құндылықтарын қабылдауын өзгертуі тиіс. Әсіресе жастардың еңбекті бағалай білуіне баса назар аударылды. Себебі, қазір жастар жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргенді ұнатады. Тез байып шыға келу мақсатында, лотереяларға, ставкаларға, букмекерлік агенттіктерге үйір болып, адал еңбектің қадірін білуден қалғаны рас. Жастарға үлгі болу мақсатында Тараз қаласының «Қан орталығы» түрлі акциялар мен ашық есік күндерін ұйымдастырып отырады. Осылайша келер ұрпақтың отандық медицинаға деген жеке дара пікірін қалыптастырудамыз. Қорыта айтқанда, бүгінгі жолдауда біраз түйткілді мәселелер көтерілді деп ойлаймын. Біз медицина саласының жүгін көтеріп жүргендіктен алдағы уақытта аянбай еңбек ететініміз анық. Жалпы, Мемлекет басшысының әлеуметтік сала қызметкерлеріне назар аударуы біз үшін қуанарлық жайт.
Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі,
облыстық ҚХА мүшесі,
«Қан орталығының» басшысы Умаров Ғұлам Мұхтарұлы